Skip to main content

Махаббат хикаясы


«Қасиеттеп, құрметтеп,сенің махаббатыңды,
Ұрпаққа үлгі болсын деп, Алашқа жайдым атыңды»


Бұл тарау Әзілхан Нұршайықовтың өзінің жан серігі Өзбақанова Халима Қалиақбарқызыға, қос жардың арасындағы махаббатына, екеуі қол ұстасып өткізген қарапайым бірақ үлгі-өнегеге мол өмірді баяндауға арналады. Әзілхан мен Халима бір-біріне тоғыз жыл ғашық болып, одан кейін 54 жыл бірге бақытты өмір сүрді. Дүниежүзіндегі көп ғашықтардың қолы жетпеген мәңгілік махаббат тәжін бастарына киді. Өз заманындағы ең бақытты қарапайым адамдардың бірі болды.

Әзілхан мен Халима бір-біріне 1946 жылы қосылды. Халима Әзілханның тек әйелі ғана емес, әрі редакторы, әрі корректоры, әрі ақылшысы, әрі қосалқы авторы, әрі хатшысы болды. Өзінен он жыл бұрын дүниеден қайтқан өмірлік серігіне арнап жазушы «Мәңгілік махаббат жыры: Халима» кітабын жазды. Әзілхан мен Халиманың 4 баласы, бес немересі және алты шөбересі бар.

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ: «Махаббат тәжін кигеніме бақыттымын…
Халимаға ғашық болдым. Бірақ, оған ғашық екенімді білдіргенім жоқ. Өте тату, дос болып жүрдік. Бер жағым – дос, ар жағым – ғашық. Ол менің түпкі ойымды сезе ме, сезбей ме, білмеймін. Тіс жарып айтпайды. Бірақ, маған деген достық қамқорлығында қапы жоқ болатын. Ылғи жанашырлық жасап жүретін. Өзара достық хаттар да жазысатынбыз.

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ: «Махаббат тәжін кигеніме бақыттымын…

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ: «Махаббат тәжін кигеніме бақыттымын…

21 мамыр 2010 ж. Алтын орда Республикалық тәуелсіз апталықта жарияланған сұхбаттан үзінді

Алғашқы қызыма 14 жасымда ғашық болыппын. 6-класта оқитынмын. Біздің ауылда 1936 жылы орталау мектеп ашылды. Осы мектепке көршілес ауылдардың балалары қатынап оқитын. Ауылымызға таяу 20 шақырымдай жерде 4 кластық деткоммуна болды. Деткоммуна — аштық жылдарында әке-шешесі өліп, жетім қалған балаларды тәрбиелейтін мемлекеттің қарауындағы арнаулы орын. Олар да ауылымыздағы орталау мектепке келіп оқи бастады.

Ауылда өтетін той-жиындарда үлкендер жағы қисса-дастандарды керемет нақышына келтіріп айтатын. Соның ішінде «Қыз Жібек» қиссасы жадымда жатталып қалыпты.

Қыз Жібектің ақтығы, Наурыздың ақша қарындай.
Ақ бетінің қызылы Ақ тауықтың қанындай.
Оймақ ауыз, күлім көз, Іздеген ерге табылды-ай,

— деп шумақтың соңын қиссашылар әуелетіп жіберетін. Сонда мен: «Е, ғашық болған соң Қыз Жібек сияқты аппақ қызға ғашық болу керек екен. Қара қыздың керегі жоқ» деп қоямын. Баламын ғой. Ғашық болайын деп жан-жағыма қарасам, ауылымда ақ қыз жоқ. Бәрінің реңдері қара. Қой, бұларға ғашық болмаймын деп жүргенімде деткоммунадан келген қыздардың арасында аршыған жұмыртқадай аппақ қыз жүр. «Мен енді осы қызға ғашық боламын» дедім іштей бекініп.

Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесі болатын. Сол өнерпаздардың арасында «суфлерлік қызмет» атқарамын. Бала күнімнен қағілез едім. Жүйріктігім өз алдына, оқуды да судырата оқимын. Мұғалімдер «жылдам оқисың» деп мектепте өтетін кештерде сахнаның қасына суфлер етіп отырғызып қоятын.

Міне, сондай сәттерде сырттай ғашық аппақ қызым Орынкешпен қатарласа жүремін. Бірде Орынкешке: «Орынкеш, мен сені жақсы көремін. Үлкейгеннен соң екеуміз қосылайықшы. Жарай ма?» — деп хат жазып, кітабының арасына білдірмей салып жібердім. Ертеңіне ол біздің үйге қарай келе жатыр. Деткоммунаның жатақханасы біздің үйге қарама-қарсы орналасқан. Мен ол қыздың қасына жүгіріп келдім. Әлгі қыз ақырын жымиды да, қолыма бір жапырақ қағазды ұстата қойып, кете барды. Қағаз емес ыстық зат ұстап, қолым күйіп бара жатқандай халде үйдің сыртына барып оқып қарасам, хатта тек «Жарайды» деген бір-ақ ауыз сөз жазылыпты. Бір ауыз сөзге сондағы секіріп қуанғаным-ай. «Қыз Жібек сияқты аппақ қыз менің жарым болатын болды» деп.

Мен 7-класты, Орынкеш 6-класты аяқтадық. Мұғалім болам деген арманның жетегімен 7-класты аяқтады деген құжаттарымды Семейдің педучилищесіне жіберейін деп жүргенімде, қолыма жазушы Ғабдол Слановтың «Арман ағысы» кітабы түсті. Кітапта кен-инженері деген мамандық туралы қызықты оқиғаларды келтіріпті. Олар жердің астындағы алтын-күмістің бәрін тауып, жердің бетіне шығарады. Балалық қиялға жеңдіріп: «Жоқ, мен мұғалім болмаймын. Инженер-геолог боламын» деп шештім. Содан Алматыдағы Тау-кен институтының рафбагіне оқуға, Орынкеш Семейдегі мектеп-интернатқа оқуын жалғастыруға кетті.

Екеуміз хат жазысып тұрдық. Суретімен қоса сүйіспеншіліктің белгісі деп орамал жіберетін. Өзім де арнайы суретке түсіп, хатпен бірге жөнелтетінмін. Бір жылдан соң Орынкештен хат келу сап тыйылды. Бұл 1939 жылдың басы еді. Қайта-қайта өлеңдетіп хат жазам, жауап жоқ. Ешқандай хабар ала алмаған соң «Семейдің педучилищесіне барып оқиын, әрі қызымның қасында болайын» деп рафбактың 1-курсын бітірді деген анықтама қағазымды алып, Семейдегі Абай атындағы педагогикалық училищесінің 2-курсына қабылдандым.

Қыркүйек айында оқу басталды. 5-қыркүйек күні қызымды іздеп ол оқитын мектептің жатақханасына барсам, есіктің алдында отыратын кемпір: «Бұл араға келуге болмайды, аулақ кет», — деп ішке кіргізбейді. Не істерімді білмей тұрғанымда мектеп жақтан шашы қиылған, аяғына детдомский бәтіңке киген бір аппақ қыз келіп қалды. Интернаттың киімін киген қызды тоқтатып, Орынкешті сұрадым. Ол Орынкешпен бірге оқитынын, бір бөлмеде тұратынын айтқанда «Орынкешті шақырып жіберші» деп өтіндім. Дереу шақыратынын айтты. Шақырушы қыздан да жауап жоқ. «Не боп қалды екен?» деп дегбірсізденіп мен тұрмын. Әлден уақыт өткенде аппақ қыздың өзі ғана шығып келеді. Тымпыңдаған аяғына тас байлап алғандай ілбіп басып, әрең қасыма келді де басын төмен салып, үндемей тұрып қалды. «Орынкеш келе ме?» десем: «Жоқ. Енді келмесін, маған көрінбесін деді» деген сөзін әрең үзіп-үзіп айтты. Мынадай сөзді естіген мен еріксіз жылап жібердім. Сол үшін Алматыдағы оқуымды тастап келгенде көрінбесін дегені несі деп жабырқадым. Жылап тұрып қасымдағы қызға қарасам, ол да жылап тұр. «Сен неге жылайсың?» десем: «Саған жаным ашып кетті» дейді. «Саған жаным ашып кетті» деген сөзі жүрегімді дір-р еткізді. Мынау нағыз тазалықтың, адамгершіліктің белгісі ғой деген ой келді.

Міне, сол қызбен Семейдің облыстық кітапханасында жиі ұшырасып қап жүрдік. Әр кездескен сайын Орынкешті сұраймын. Ара-тұра Орынкешке арнаған өлеңдерімді беріп жіберемін. Ертеңіне «жауап жазды ма?» деймін. «Жоқ», — дейді ол. Үш жылдың ішінде Орынкешке 100 хат жазыппын. Осылайша ортамыздағы хат тасушы, дәнекер, өте адал қызбен достасып кеттіп, Халимаға ғашық болдым. Бірақ, оған ғашық екенімді білдіргенім жоқ. Өте тату, дос болып жүрдік. Бер жағым – дос, ар жағым – ғашық. Ол менің түпкі ойымды сезе ме, сезбей ме, білмеймін. Тіс жарып айтпайды. Бірақ, маған деген достық қамқорлығында қапы жоқ болатын. Ылғи жанашырлық жасап жүретін. Өзара достық хаттар да жазысатынбыз.

Ата-анасы 32-ші жылғы аштықта өлген екен. Отбасындағы 7 баладан жалғыз өзі ғана аман қалғандығын және басынан кешкен азапты күндерін әңгімелегенде менің де жүрегім қосыла жылап: «Орынкеш жақсы көрген қызым болса да хат жазба депті. Енді мен сені жақсы көрем. Екеуміз өскеннен кейін қосылайық. Жарай ма?» — деген ұсынысыма: «біраз ойланайын» деді. Арада біраз уақыт өткенде ол: «Сенің көңілің адал, мен сені жақсы көрем. Бірақ, қоятын шартым бар. Орынкеш саған тұрмысқа шықпай, өзгеге шығып кетсе ғана қосылам. Егер Орынкеш сені сүйетін болса, онда араларыңа кедергі болмаймын. Бұл — бірінші шартым. Екінші шартым — оқуымызды бітірейік, институтты аяқтайық. Тағы бір шартым — сүйіспейміз, сүйкеніспейміз, ешкімге берілмейміз, ешкімге бермейміз, ешкімнен ештеңе алмаймыз», — деді. Біз осылай уәделестік…

Осылай үш жылды оқумен өткіздік. Одан кейін төрт жыл соғыс болды. Екеуміз де әскерде жүрдік. Үзбей хат жазысып тұрдық. Енді ғашықтық жайы ашық айтылды. Ол да сезеді екен.

Амандық болса, соғыс біткеннен кейін қосыламыз деп уәделестік. Халима да детдомда өскен жетім қыз болатын. Жасынан аурушаң еді. Соғыс біткен күні ауруханаға түсті. Әскери госпитальда бір жарым жыл жатты. Мен университетте оқып жүрдім.

Одан маған жоғарыда айтылғандай хат келді.

– Менің ауруым жазылатын емес. Бәлкім, ауруханада өлетін шығармын. Енді сен де өзіңе лайық қыз ізде. Қазақта жақсы қыздар көп қой. Біріне жіп тақ. Ал мен тірі қалсам сені өмір бойы ұмытпаймын, өле-өлгенше тілектесің боламын, – депті хатында.

Оны досым Мырзабекке («Махаббат, қызық мол жылдардағы» Жомартбекке) айттым. Ол:

  • Дұрыс. Қыз іздейік, – деді. Бір-екі қыз көз салғандай болдық. Өзімізбен бірге оқитын Нұрғамилаға (Меңтайға) сөз айттым. Халиманың хатын көрсеттім. Ол:
  • Мен сіздің тілегіңізді қабыл алар едім. Бірақ уәде берген жігітім бар, – деді. «Қызыл көрпе» өлеңі осы Меңтайға арналған болатын.

Қайтадан Халимаға хат жаздым. «Жақсы қыздар маған қарайтын емес. Өзіңе қосылып, бір жыл, бір ай, тіпті бір күн өмір сүрсем де өзімді бақыттымын деп санаймын», – дедім.
Халимадай қыз таппайтыныма көзім жетті. Енді оның тез жазылып шығуын одан сайын тіледім. Асыға күттім. Бір жарым жылдан кейін ол емделіп, ауруханадан шықты. Екеуміз қосылып, 54 жыл бірге бақытты өмір сүрдік. Халима екеуміздің бір-бірімізді тапқанымызға Орынкеш себеп болды. Егер ол болмаса біз бір-бірімізді білмес едік. Орынкеш екеуміздің арамыздағы бала махаббат Халима екеуміздің мәңгілік махаббатымызға жол ашты. Мен жан жарым қайтыс болғаннан кейін оған арнап «Халима. Мәңгілік махаббат жыры» деген деректі шығарма жаздым.

Халима ӨЗБАҚАНОВА - НҰРШАЙЫҚОВА: «Алғашында «жаяу келін» атандым...
Келе-келе «жақсы келін» атандым...» Алғашында «жаяу келін» атандым. Колхоз бастығы жүйрік құла атын, рессорлы транспеншесін алып шығып, қарсы алмақшы екен. Уәдесіне тұрмапты. 9-шы разъезден түссек, ешкім жоқ. Тұнжырап кеттім. Әзілхан да жаны жүдеп, қатты кейіді. Қолымызда чемодан, 9 шақырым жаяу жүрдік. Осылайша, Нұршайықовтар шаңырағының түтінін түтеттім. Сәки атты жолдасы, бір бидон арағы бар Әзілхан тойға кірісті. Ат бермеген бастық жарты пұт бидай берді, оның жартысын талқан етіп, той дастарханына қойдық.

Халима ӨЗБАҚАНОВА - НҰРШАЙЫҚОВА: «Алғашында «жаяу келін» атандым...

Халима ӨЗБАҚАНОВА - НҰРШАЙЫҚОВА:  «Алғашында «жаяу келін» атандым...

«Махаббат, қызық мол жылдар» авторының асыл жары, 2010 жылы «СОЛДАТ» газетіне берген Халима Өзақанованың сұхбаты

Иә, тақырыбымыз айқайлап айтып тұрғандай, халық жазушысы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықовтың бала махаббаты, өмірбақи қол ұстасқан асыл жары Халима Өзбақанова – оқырмандарымызға ұсынылып отырған суреттегідей көркем жүзді, нұрлы кісі.

– Мен 1922 жылы Аягөзде дүниеге келіппін. Әкем Қалиакпар 1928 – 1929 жылдары Ақбарақ деген темір жол стансасында обходчик болып істеген. 1932 жылы аштықтан әлсіреп көз жұмды. Соңынан іле-шала анамыз Зәуила да о дүниелік болды, – деп бастады әңгімесін Халима апай. – Үш қыз, бір ұл аңырап қала бердік. Аягөзде 1-ші класта оқып жүргем. Өзімнен 1 жас кіші Қанымхан есімді сіңлімді жетімдер үйіне Семейге алып келді. №2-ші балалар үйіне келдім. Қанымхан қабылдау бөлімінде қалған еді. «Сіңлім бір жапырақ нан жесінші» деп барып жүргем, тағы бір барғанымда, жоқ болып шықты. Олар №4-ші балалар үйінде» деген соң, іздеп барсам, онда да жоқ болып шықты. Содан бері көрмедім...

– 1970 – 1980 жылдары «Махаббат, қызық мол жылдар» романын қазақ жастары ғана емес, үлкен-кішісі түгел оқыды десек те болғандай. Содан «Меңтай – жазушының әйелі екен» деген сияқты талай болжам, топшылау айтылды. Шындығында, Әз-ағамыздың өзіңізге деген махаббаты туралы не айтасыз?

– 1936 жылы Семейде №11-ші мектеп ашылып, қазақша білім алуға көштім, 6-шы класқа бардым. Класымызға Жарма ауданының, Ақбұзау ауылынан Орынкеш деген қыз келді. Әзілхан деген дос жігіті бар екен. Екеуі бір ауылдан. Әзілхан жеті жылдық мектеп бітіріпті. Педучилищеде оқиды. Орынкешке қырындап келіп тұратын. Бірде:

– Халима, Орынкешті шақырып берші, – деп өтінді.
– Орынкеш, сенің жігітің іздеп келіп тұр десем, шықпайды. Қалаға келген соң көңілі өзгелерге ауған ба, әйтеуір құлықсыз. Әзілхан да келуін кілт тоқтатты.
Мен кітапқұмар едім. Сол кезде Гоголь атындағы қалалық кітапханада кешкі 10-ға дейін сарыла кітап оқимын. Әзілхан да кітапсүйер жігіт екен. Екеумізді Семей кітапханасы табыстырды. Күнде кешкілік шығарып салады. Алғаш бозбала Әзілханның қолының ыстық табын, жүрек жылуын тұла бойыммен сезінген сәтте қып-қызыл болып, ұялып төмен қарадым. Қолымды тартып ала қойдым.

– Кейіннен өзің де менің қолымды ұстап едің ғой, соғыс кезінде, – деп әңгімеге араласа кетті Әзілхан ағамыз.
– Е-е, ол 1944 жылдары ғой, Мәскеуге Чистопрудная көшесіндегі, Грибоедов ескерткіші жанындағы Бас почтамтта кездескенімде ғой. Соғыс басталысымен Әзілхан майданға аттанды. 1942 жылы мен де соғысқа сұрандым. Балалар үйлерінің барлық қыздары Ұлы Отанымызды қорғауға аттандық. Радист мамандығын игердім. Чита облысында, Борзая стансасында талай әскери тапсырмалар орындадым. Кейіннен денсаулығым ауырлады да, әскери цензураға жіберілдім. Мәскеуде, Бас почтамтта қызмет атқардым. Әзілхан үш жолдасымен бірге Мәскеуге делегат боп кепті. Әңгімелесіп отырмыз. Сонан соң үстел астынан қол ұстастық. Бір жағы жігіттерден ұялдым, бірақ:

– Әзілхан қолыма снаряд жарықшығы тиді деп еді, жарасы жазылды ма деп еді, жарасы жазылды ма деп қарап отырғаным ғой, – деп ақталдым.
– Сол кездегі студенттік тойлар қалай өтуші еді? Соғыстан кейін отбасын құрудың қиыншылықтарын еске алсаңыз...

– 1945 жылы Әзілхан соғыстан аман-есен оралып, Қазақ университетіне оқуға түсті. Мен Қазақ педагогикалық институтында оқығам. Соғыстан кейін «әуелі Әзілхан оқысын, мамандық алсын» деген оймен, өзара келісіммен Суықбұлақ аулына аттандым, мектепте орыс тілінен сабақ бердім. Әзілханның сүйгені де, жанашыры да – өзім, сондықтан ақша салып тұрдым.
1947 жылы Әзілхан академиялық демалыс алып, Семейге келді. «Екпінді» газетіне орналасты. 11 жыл бойы бір-біріне ынтыққан қос жүрек өмір-бақи бірге болуды армандап, Ақбұзауға келдік... «Мынау, жеті жыл бойы қаңырап тұрған үй – әкемнің шаңырағы. Осы үйге келін боп түсесің», – деді Әзілхан.

Алғашында «жаяу келін» атандым. Колхоз бастығы Әлсейіт Мұсақұлов жүйрік құла атын, рессорлы транспеншесін алып шығып, қарсы алмақшы екен. Уәдесіне тұрмапты. 9-шы разъезден түссек, ешкім жоқ. Тұнжырап кеттім. Әзілхан да жаны жүдеп, қатты кейіді. Қолымызда чемодан, 9 шақырым жаяу жүрдік. Осылайша, Нұршайықовтар шаңырағының түтінін түтеттім. Сәки атты жолдасы, бір бидон арағы бар Әзілхан тойға кірісті. Ат бермеген бастық жарты пұт бидай берді, оның жартысын талқан етіп, той дастарханына қойдық. Той басталды, жұрт ақ батасын бере бастағанда, сары ешкісін мүйізінен жетектеп бір ана келді.

– Тоқтасын апам, – деді Әзілхан.
– Әй, Әзілхан, сой мынаны тойға. Аяғын байла! – деп бұйырып апа.
– Апа, өзіңізге керек болады, рахмет, – деді сыпайы ғана Әзілхан.
– Соғыста аштан өлген жоқпын, енді соғыс бітті, елге енді аштық жоқ, осы ешкісіз де өлмеспін. Сой тойға – деп алған бетінен қайтпады қайсар ана. Сосын Әлсейітке қарап:
– Соғыста шейіт кеткендердің әруағынан қорықсаң қайтеді, бастық? Тойға бір тоқтыңды қимадың ғой, – деді.
Келе-келе «жақсы келін» атандым. Өйткені, бүкіл ауылға ұйық тоқимын, киім тігемін, өнер иесі қашан да сыйлы, қадірлі ғой.
Қашанғы ауылда отырамыз, оқуымызды жалғастыру үшін Алматыға келдік. Алматыда қайсыбір ағайынымыз күтіп тұр, тұрмыстың тауқыметін көп көрдік. Тұңғышымыз шетінеп кетті.

Жанар, Жаннат, Арнұр, Жаннұр атты ұл-қыз сүйдік. Сәбина, Дина, Сәкен, Алма, Әлия деген немерелеріміз бар.
– Жазушының жары болу да оңай емес болар?
– Әзілханның барлық шығармалары менің қолымнан өтті. Қолжазбаларын оқыдым, машинкаға бастым. Магнитофон таспасына түсіріп алғандарым бар. Архивтерге бірге бардым. Талай дәптерлерге құнды жазбалар көшірдім. 1979 жылы Брестке бардық, Әзілхан 4 дәптер, мен 4 дәптер деректер жинадық.

Жазушының жаны нәзік, сондықтан жүрек сырқатына ұшырау ақын-жазушылар арасында жиі кездеседі. Әзілханның жүрек қабы алты рет жарылды, 40 түн күзеткен, көз ілместен таң атырған кездерім болды. Әсіресе, 1994 жылы жөргектегі сәбиімдей күттім. 40 күн шыдаған басым, 41-ші күні талықсып, ұйықтап кетіппін. Әзілхан «дүрс» еткен дыбыстан шошып ояныпты, қараса, мен ұйқыға басыппын. Осылайша жан жарымның қуат-күші сарқылса, сырқаты меңдесе, жүрегіне жігер қостым, дертіне дауа болуға тырыстым. Азаматтың өмір-бақи аптал күш иесі болып, қасқайып, қара нарша жүре беруі мүмкін емес, сондықтан тарықса – шыда, торықса – сүйеніш, тірек бол, ауырса – маңдайынан сипа деймін қыздарыма, келіндеріме, келінім сен тыңданың керін келтіріп.

– «СОЛДАТ» газеті Ұлы Жеңістің 55 жылдығы мен жеңісті жақындатқан егіз жүрек, екі солдатты құттықтайды. Махаббаттарыңыз мәнді де, мәңгі болсын!
Әңгімелескен Күлән БЕРІКБОЛОВА, журналист

Қантай ЕЛУБАЕВА: Халима ақыл-көркімен топ ішінде жарқыраған таң шолпандай еді
Халима екеуміздің тағдырымыз ауыр болды. Жетім едік, екеуміз де Семей балалар үйінде өстік. Семейде, қателеспесем, 1937 жылы қазақ мектеп интернаты ашылып, балалар үйінен бәрімізді соған ауыстырды. Халима менен екі класс жоғары оқыды. Онымен бірге Шәкәр Ботақанова, Орынкеш Мысырова, Ишжан Жағыпарова (Абайдың ұрпағы) бірге оқыды. Олар өздерін ересек санап, бізге әпке секілді қарайтын. Сол ересек қыздардың арасында Халима ақыл-көркімен топ ішінде жарқыраған таң шолпандай еді.

Қантай ЕЛУБАЕВА: Халима ақыл-көркімен топ ішінде жарқыраған таң шолпандай еді

Өткен күннен белгі бар

Әзілхан Нұршайықов... Бұл есімді қалың оқырманға таныстыру әбестік болар. Әйтсе де, «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Өмір өрнектері», тағы басқа қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған лиризмге толы, ерлікті, адамгершілікті, жалпы адами қасиеттерді шығармалары арқылы оқырманына жеткізе білген жазушы қазақтың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін жақсы таныс екендігін айту керек. Әзілхан аға 1953 – 1956 жылдары Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газетінде редактор болып қызмет етті. Содан да болар, жазушы «Сарыарқа самалы» газетінің редакторы Мұхит Омаровқа арнайы хат жазып, жұбайы Халима жайлы «Халима – мәңгілік махаббат жыры» атты естелігін газетке жариялауды өтініпті. Естелік №32;34;35 сандарында жарияланды. Естелік газетке жарияланысымен жайлы редакцияға телефон шалып, сауал қойып, қызығушылық білдірген оқырмандар да болмай қалған жоқ. Бұл – жарты ғасырдан астам жан серігі, қамқоршысы бола білген Халимадай аяулы жанның биік парасатын жан-жүрегімен бағалап, рухына бас ие отырып, осы толғанысын, тебіренісін халқына жеткізген Әзілхан ағаға деген оқырманның риясыз көңілі, шексіз ризашылығы болар деп ойлаймыз.

Осыған орай біз Халима апайдың балалық, жастық шағының куәсі болған, бірге өсіп, содан беріде Нұршайықовтардың отбасымен араласып, біте қайнасқан, Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және ҚССР Білім беру ісінің үздігі Қантай Әмірханқызы Елубаеваға жолығып, Халима апай туралы әңгімелеп беруін өтініп едік...

– Қантай Әмірханқызы, Әзілхан Нұршайықов «Өмір өрнектері» атты кітабында:
– Жүрекке жылу беретін нәрсе не?
– Махаббат.
– Жүрекке жігер беретін нәрсе не?
– Достық.
– Жүректі жүдетпейтін нәрсе не?
– Бірлік.
– Жүрекке жылы тиетін нәрсе не?
– Кішіпейілділік, –
деп жазыпты. Естеліктен ұққанымыз – Халима апай мен Әзілхан ағаның отбасына осы бір басты қасиеттер жылу берген секілді. Әзілхан аға естелігінде жұбайы Халиманың адал жар, отбасының ұйытқысы, қамқоршысы ретінде бағалаған екен. Сіз Халима апаймен бірге өстіңіз, тағдырларыңыз ұқсас болды. Кейін де жұптарыңыз жазылмаған екен. Халима апаймен қалай таныстыңыз? Достықтарыңыз жайлы, жалпы, ол кісінің мінез-құлқы, құрбыға деген көзқарасы жайлы не айтар едіңіз?

– Иә, Халима екеуміздің тағдырымыз ауыр болды. Жетім едік, екеуміз де Семей балалар үйінде өстік. Семейде, қателеспесем, 1937 жылы қазақ мектеп интернаты ашылып, балалар үйінен бәрімізді соған ауыстырды. Халима менен екі класс жоғары оқыды. Онымен бірге Шәкәр Ботақанова, Орынкеш Мысырова, Ишжан Жағыпарова (Абайдың ұрпағы) бірге оқыды. Олар өздерін ересек санап, бізге әпке секілді қарайтын. Сол ересек қыздардың арасында Халима ақыл-көркімен топ ішінде жарқыраған таң шолпандай еді. Иығына түскен қара бұйра шашы, қарақаттай көзі, аққұба өңі, тал шыбықтай бұралған дене-бітімі, оған қоса білімділігі, қарапайымдылығы, парасаттылығы... қысқасы, қазақтың ақылына көркі сай дейтін солқылдаған керім қызы еді. Ол өзінің өзгелерден осы артықшылығын пайдаланып, көріктімін, білімдімін деп кеуде соғып, өркөкіректеніп, дегенін істететін қыз емес-тін. Кей-кейде үлкен қыздар үлкендігін жасап, дауыс көтеріп, бізгі ұрсып жатқанда, біз жаутаңдап Халиманың маңына үйірілетінбіз. Халиманың тағы бір жақсы қасиеті – қазақ, орыс тілдеріндегі әдеби кітаптарды өте көп оқитын, қазақ тілін қаншалықты жетік білсе, орыс тілін де соншалықты білетін. Ол кезде біздерге Ғабитов, Лекеров, Бояубаев, Сайын Мұхамеджанов, ағайынды Ахметовтер, Төребаев деген өте бір білімді мұғалімдер де, бірге оқыған ұл-қыздар да Халиманы құрметтейтін. Әзілхан да ол кезде Семейде басқа бір мектепте оқитын. Жүзтаныс бозбала бізге ара-тұра келіп-кетіп жүретін.

– Сіздер майданға да бірге аттанған екенсіздер...

– Иә, осы оқиғаға жақындап келем. Сонымен, бірде мұңайып, бірде балалықтың әсерімен күліп, жас ботадай ойнақтап жүрген шағымызда Батыста соғыс өрті бұрқ етті. Іле-шала мектептегі ер мұғалімдер, ересек ұлдар майданға бірінен соң бірі аттанды. Әзілхан да майданға кетті деп естідік. Мектебіміз қаңырап бос қалғандай күй кештік. Иә, сол кезде біздер 16 – 18-дердегі жастар едік. Бойымызда патриоттық сезім басым болды. Мектепте өтетін алғашқы әскери дайындық сабағына аса бір құлшыныспен қатысып, «мұның бәрі Отан қорғауға өте қажет» деп соғыс қаруларының кейбір түрлерін білуге тырысатынбыз. Шындығында, солай болды. Біз, Халималар бастаған бір топ қыздар 1942 жылдың сәуір айында майданға сұрандық. Неше рет барсақ та бізді Семейдің әскери комиссариатындағылар «сендер әлі баласыңдар» деп жуытпай қойды. Содан кейін біз интернаттың жанынан ашылған соғыс жаралыларын емдейтін әскери госпитальға барып, көмектесіп жүрдік. Бір күні күтпеген жерден әскери комиссариаттан интернаттың майданға сұранған қыздарына «24 сағаттың ішінде дайын болыңдар, майданға аттанасыңдар» деген шақыруы келді. Бізде не дайындық бар, әп-сәтте дайындалып, көрсетілген уақытта комиссариатқа келдік. Бұл кезде соғыс бұлты жайылып, жау Киев, Одесса, Севастополь секілді үлкен қалаларды жайпап, Сталинград түбінде кескілескен ауыр шайқастар болып, фашистер Москваға қарай өңмеңдеп келе жатты.

Міне, осындай қысылшаң сәтте бізді шақыртты. Комиссариатта бізді сапқа тұрғызып, тексерді. Ақыры не керек, 1942-ші жылдың, әлі есімде, мамыр айының 15-де кешкілік товар таситын эшолонға бізді, сосын тағы да басқа көп қыздар бар, бәрімізді отырғызып, тартып кеттік. Балалық қой, сонда біз тікелей майданға келе жатырмыз, қолымызға қару алып, майданға бірден кіріп кетеміз деп ойладық. Ұзақ жүргеннен кейін бізді Новосибирскіге алып келді. Осы жерде сапқа тұрғызып, тағы тексеруден өткізді. Халима бұл жерде де тәртіптілігін, білімділігін, орыс тілін, әсіресе, мектепте үйреткен байланыс қызметін жақсы меңгергендігін байқатты. Оны бізден бөліп алып, бірден Москваның өзіне, соғыс штабына жіберді. Қимай, жылап қоштастық, бір-бірімізден хабар үзбеуге уәделестік. Ал, мен, Ишжан, бір топ қыздар Хабаровскіге келдік. Мұнда бізді 3 ай кіші авиация мектебінде оқытты да, оны бітірген соң, әскери ант қабылдап, мен осындағы 149-ші дивизия, 18-ші истребитель полкінің І-ші эскадрильясына, ал Ишжан бомбардировщик полкына түсті. Соғыста көрген қиындық, атан өгіздің мүйізін сырқыратар сақылдаған сары аязда самолеттің қанатына салмағы 16 – 42 кг-дық ауыр пушка, пулеметті орналастыру, басқа да көптеген ауыртпалықтарды таңды таңға ұрып айтса таусылмас. Көп ұзамай Халимадан, басқа да қыздардан хат келе бастады. Халима Москва түбіндегі соғыс штабына хабар-ошар алып отыратын байланысшы (радистка) болып орналасты. Біраз уақыт ауырып, Москвада госпитальға жатып шығыпты. Сол жолы Әзілхан мен Халиманың шынайы достықтары басталған екен, Халиманың адресін Орынкеш Мысырова беріпті. Халима әр хатында өзін командирдің мақтағанын, өзінің де жұмысқа аса ұқыптылықпен қарайтындығын айтып, маған да «ақылды бол, өзіңді күт, біз әлі кездесеміз» деп жігер беріп жазатын. Иә, сонымен атың өшкір соғыс та аяқталды. Біздер кейін басталған Жапония соғысына да қатысып, ақыры елге оралдық.

– Ал, Халима апайлар ше?

– Біз, Ишжан екеуміз бірден Алматыға келдік те, 1944 жылы ашылған Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтына Білім министрлігі арқылы бірден қабылдандық. Ал, Халима Семей облысындағы Суықбұлақ деген жерде мұғалім болып жүрді. Соғыстан қайтқан Әзілхан бірден Суықбұлаққа Халиманы іздеп барып, екеуі уәде байласыпты. Кейін екеуі үйленіп, Алматыға келді. Бәріміздің басымыз қосылып, мәре-сәре болыстық. Әзілхан ҚазМУ-дың филология факультетіне, Халима Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтына түсті. Екеуі бір ұшқыштың аядай бөлмесін жалдап тұрды. Екеуі де студент, қаражат тапшы. Сонда да Халиманың қабағына кірбің түскен емес. Қашан барсақ та, жоқтан бар жасап, дастарханын жайып, мәз болып отырғаны. Мен сол уақыттан бастап Әзілхан екеуінің жұптарының жазылғанын көрген емеспін. Әдетте, дастарханда ері төрде, әйелі самауыр түбінде отырады ғой. Жоқ, бұлар ылғи қатар отыратын. Халима қайтқаннан кейін, Әзілханның үйіне бардым ғой. Сонда ешкімді отырғызбай, оның үйде киетін халатын орындықтың арқалығына іліп, қасына қойыпты. Көзіме еріксіз жас келді. Әдетте, ғашық болып қосылғандар кейін балалы-шағалы болған соң, махаббат, сүйіспеншіліктері жайына қалады дейді ғой. Жо-оқ, Әзілхан мен Халиманың бір-біріне деген махаббат оты жылдар өткен сайын лаулай түсті. 1948 жылы екеуінің тұңғыш перзенттері Жанар дүниеге келді. Бәріміз қуандық. Кішкене бөлмелеріндегі столда өздері тамақ ішеді, сабақтарын дайындайды, Жанардың бесігі де сол столдың үстінде. Қызық еді-ау, ол кез. Халиманың құрбыға деген айрықша құрметі, жанашырлығы керемет-ті. Ақылыңа ақыл қосып, білмегеніңді үйретіп, сенімен бірге өзі де қосыла қиналатын қасиеті бар еді. Ол ешуақытта ақша жоқ деп күйеуінің бетінен алмады, я болмаса алтын-күміске, қымбат киімге құмар болмады. Ол жас балалы болса да, тұрмыс қиыншылығын көріп жүрсе де институттағы оқуын жақсы оқыды.

– Қантай апай, дегенмен Халима құрбыңыз екеулеріңіздің араңызда есте қаларлықтай қандай оқиғалар болды, ренжіскен кездеріңіз болды ма?

– Ренжіскен шақтар есте жоқ. Болмаған да шығар. Халима адамды ренжіткен жан емес қой. Мен Алматыда жүргенде болашақ жұбайым Кәрмұхан Бекбергенов деген жігітпен таныстым. Ол Алматыдағы Жоғары партия мектебінде оқыды. Бір-бірімізді ұнатысып, қосылдық. Оқу бітіп, диплом алғаннан кейін Павлодарға келіп, Кәрмұхан «Қызыл Ту» газетіне, мен педучилищеге оқытушы болып орналастым. Кейін 1953 жылы Әзілхан осы газетке редактор болып келді. Екі үйіміз де бұрынғы бұрынғы ма, аяқ-табақ араласып, Әзілхан мен Кәрмұхан, біз – Халима екеуміз бірге туғандай араластық.

– Әзілхан ағаның «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы Меңтай бейнесі мен Халимада ұқсастық бар ма?

– Бар секілді. Бұл романдағы Ерболдың өмірі Әзілханның өзінің өміріне ұқсастау.
– Қантай апай, «Махаббат, қызық мол жылдар» арқылы дүйім көпке аты әйгілі болған Әзілхан ағаның өзі де отбасында Халимаға деген сүйіспеншілігі арқасында бақытты тірлік еткен екен. Жалпы, осындай көркем шығармалар тудыруға отбасындағы жардың да әсері деп ойлайсыз ба?

– Әрине. Қазақта: «Бір үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» деген сөз бар. Әйтсе де, шығармашылық, өнер адамының, жазушының, ақынның жары болу оңай емес. Шығармашылық адамы қашанда бәйгеге түсетін жарау аттай болуы керек. Міне, осындай жағдай болуы үшін жарыңның сені қолдап, көмек беруі, жағдай жасауы, ең бастысы сенің жан-тәніңді түсіне білуі – міне, жазушы үшін бақыт деген осы. Халима осындай жар болды. Ол Әзілханның бірінші көмекшісі, ақылшысы, бірінші оқырманы, сыншысы, корректоры болды. Бұлар көзге көрінбейтін жұмыстар ғой. Халима 4 бала туып, тәрбиелеп өсірді, бәрін оқытты. Екі қыз ұзатып, екі келін түсірді. Немере, жиен, жиеншар сүйді. Осы ұрпақтардың басын қосып, олардың бірінің-біріне жанашыр болуына, әкелерін құрметтеп, сыйлауға үйретті, тәрбиеледі. Әзілханның бір күйіп-пісіп қалатын кездері бар. Сондайда Халима оның іздеген қағаздарын қолына ұстата қояды. Мен Әзілханға: «Халима болмаса не істер едің?» деймін әзілдеп.

Иә, айтып айтпай не керек, өмір тоқтаусыз аққан өзен деген осы екен. Амал не, аяулы құрбымның өмірінің соңғы сәттерінде қасында бола алмадым. Иманды болсын, аяулы жан.
Халима Әзілханға жар ғана емес, сонымен бірге сол әулеттің ұйытқысы, шамшырағы болды. Халима – адал жар, аяулы, қимас құрбы, ақылшы, тәрбиеші ару Ана еді. Әзілхан мен Халиманың өмірі екеуінің ұрпақтарына, жастарға, шын түсінген адамдарға, әсіресе, қыз-келіншектерге үлгі-өнеге болса екен деймін.

– Әңгімеңізге рахмет, Қантай апай.
Сұхбаттасқан: Сая МОЛДАЙЫП.

Жазушы туралы

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылдың 15 желтоқсанында бұрынғы Семей облысы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. Әзілхан 14 жасында поэзияға құштарлығын аңғарады. Оның алғаш өлеңдері мен мақалалары аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде жарияланып тұрған.
© 2024 Әзілхан Нұршайықовты Еске Алу. Ресми сайты
Сайт құру: arctika.kz