Skip to main content

Өмірбаяны


Артиллерист, студент,
журналист, жазушы


Әзілхан Нұршайықов 1922 жылдың 15 желтоқсанында бұрынғы Семей облысы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген.

Сегіз жасында ата-анасымен бірге жаңадан құрылған «Ақбұзау» колхозына көшкен Әзілхан сол колхоздың орталау мектебін бітіреді. Әзілхан 14 жасында поэзияға құштарлығын аңғарады. Оның алғаш өлеңдері мен мақалалары аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде жарияланып тұрған.


Жас ақын Семейдегі Абай атындағы қазақ педагогикалық училищесінде, одан кейін педагогикалық институтында оқыды. 1940 жылы Жарма ауданындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарды. 1941 жылы Ұлы Отан Соғысы басталысымен 19 жастағы Әзілхан Қызыл Армия қатарына шақырылды. Соғыста 100-ші қазақ атқыштар бригадасында зеңбірекшілер командирі болып әскери міндетін өтейді. Калинин, 2-ші Балтық, 1-ші және 2-ші Белорусь майдандарына қатысып, соғысты аға сержант болып аяқтады.

Әкесі Амангельдин Нұршайық 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Соғыс жылдарында зеңбірек командирі бозбала жігіт журналистік жұмыспен айналысуға уақыт табады, өлең жазуды да тастамайды. Жазушы майдангердің өлеңдері, әскери әңгімелері мен очерктері майдандық, республикалық және облыстық газет беттерінде жиі басылып тұрды


Майдандағы күндердің бірінде фашист танкі Әзілхан Нұршайықов бастаған зеңбірекшілер тобын жайратып салды. Бүкіл топтан тек қос көзінен айрылған зеңбірек нысанашысы Әділхан Құсайынов пен Әзілхан аман қалды. Кейін өзінің тұңғыш «Махаббат жыры» (1964) повесін жазушы соғыс ардагері Әділхан Құсайыновқа арнайды. 1943 жылы «Атамыз Жамбыл ақынға» деген ұзақ толғау Әзілханның қолынан шыққаны белгілі. Оларға қарт Жамбыл жауап та қайырды.

Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтап, еліне аман оралған кешегі майдангер-жауынгер үзіліп қалған оқуын жалғастырамын деп, Алматыдағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сияқты қазақтың белгілі жазушылары Әзілханның ұстаздары болады. Жас студент майданнан, окоптың өзінен алып келген «Абай жолы» кітабын авторға сыйлық ретінде ұсынады. Ұлы жазушы М. Әуезов парақтары жырым-жырым болып күйіп қалған  кітабын қолына алып, үлкен толқыныспен: «кітаптан оқтың иісі шығып тұр» - деген екен.


1946 жылы Әзілхан өзінің тоғыз жыл бойы сүйген жары Халимамен жанұя құрады.  1948 жылы Ақбұзау ауылында олардың тұңғышы Жанна дүниеге келіп, сәби шағында дүниеден қайтады. 1949 жылы Әзілхан мен Халиманың Жанар қызы дүниеге келеді.

Университетті бітірісімен Әзілхан журналистік мамандықпен бірыңғай айналысып кетті. 1947-48 жылдары Семей облысының "Екпінді" (қазіргі "Семей таңы") газетінде тілші, жауапты хатшының орынбасары, 1948-49 жылдары "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінде бөлім меңгерушісі, 1949-53 жылдары "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1953-56 жылдары Павлодар облысының "Қызыл Ту" газетінің редакторы, 1956-61 жылдары "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі, редактордың орынбасары болып істеді.


1961 жылы Алматыға қайта оралды.  1961-63 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, "Социалістік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1968-73 жылдары Қазақ совет энцикло педиясы бас редакциясында бөлім меңгерушісі, 1973-79 жылдары ҚР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып істеген.

Журналистік еңбегі оны тіршілік сырын тереңірек білуге, білгенін көңілге түюге, өмірмен қоян-қолтық араласуға үйретті. Газеттік мақалалармен бірге көркем очерктер жазды. Әзілханның алғашқы очерктер жинағы «Алыстағы ауданда» деген атпен 1956 жылы кітап болып басылып шықты. Алыстағы ауданның бір түкпіріндегі шопандардың бойынан жазушы әр алуан тамаша асиеттерді тауып, соны барныша мол көрсетіге күш салады. Оның осы жнрда ерінбей еңбектенуіне ықылас танытып, көмек көрсеткен жазушының бірі аяулы Мұқан Имажанов болатын-ды.

Осыдан кейін Әзілханның "Тың астығы" (1958 жылы), "Ертіс жағасында" (1959 жылы), "Жомарт өлке" (1967 жылы) деп аталатын очерктер жинағы бірінен соң бірі жарық көрді.


Жастардың өмірін, арманға толы ой-сезімдерін жан-жақты айшықтауға арналған лирикапық повестері "Махаббат жыры" (1964), "Әсем" ( 1966), Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлердің ерлігін паш еткен "Махмет Қайырбаев" (1967), "Батырдың өмірі" (1969), замандастарымызды интернационалдық рухта тәрбиелейтін "Тоғыз толғау" ( 1977), "Невель түбінде" (1977), әдебиетіміздің белгілі қайраткерлерінің шығармашылық қабілетін сомдаған "Автопортрет" (1977), "Екі естелік" (1985) очерк, әңгіме, повесть жинақтары жарық көрді.

Қалың көпшілікке етене жақын "Махаббат қызық, мол жылдар" романы (1970) мен "Ақиқат пен аңыз" роман диалогы (1973) жазушы шығармашылығының шырқау биігі саналады. Өлмес туындының алғашқысында жастардың қайнаған жастық өмірі туралы баяндалған, бұл роман оқырманның, әсіресе жалынды жастардың ерекше сүйіп оқитын махаббат гимніне айналды. "Махаббат қызық, мол жылдар" романы 1970 жылдың аяғында 52400 дана боп шықты. Роман қалың оқырман қауымды дүр сілкіндірді. Авторға, баспаға, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне жүздеген алғыс хаттар жауды. Барша студент жастар, әдеби жұртшылық әр түрлі мамандықтағы, алуан қызметтегі кәрі мен жас романға тегіс ризашылық білдірді. Келесі жылы "Махаббат қызық, мол жылдар" қайтадан 60 мың тиражбен шығып, кейін орыс тіліне де аударылып, шы,арылымы 100 000 данаға жетті. Содан бері ол 10 рет қайтадан басылып шығарылған.

Ал "Ақиқат пен аңыз" роман диалогы аты аңызға айналған ұлтымыздың ұлы тұлғасы, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы ту¬ралы жазылған. Осы "Ақиқат пен аңыз" роман диалогы үшін Әзілхан Нұршайықовқа 1980 жылы Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.


Бірін-бірі түсінген екі майдангердің, екі майдангер жазушының жүректерін жарып шыққан сөздері кітап болып шығысымен қолдан-қолға тимей, ел аралап кетті. Бауыржанды жақсы көрген жұрт, ол кісінің Әзілхан сияқты асыл жүректі інісін мақтаныш етті. "Ақиқат пен аңыз" кітабы орыс (1980, 1982), украин ("Дніпро", 1984) және чех (1985) тілдеріне аударылып жарияланды. Әзілхан Нұршайқовтың тағы бірқатар шығармалары қырғыз, өзбек, тәжік, молдован, татар, якут тілдеріне тәржімаланған.

Әзілхан Нұршайықов таңдаулы жазушы-мемуаристтердің бірі деп саналғаны бекер емес. Оның дәлелі - 1985 жылы «Жалын» баспасында шыққан «Екі естелік» кітабы. Бұл кітапта әр қилы кезеңдерде, әр түрлі себептермен тікелей дәм-тұздас болған қаламдас шәкірт қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың ұмытылмас өмірі, азаматтық, адамгершілік қасиеттері туралы айрықша ізетпен, сүйіспеншілікпен толғайды. Филология ғылымдарының докторы Бақытжан Майтанов бұл туынды жайында «Бұл кітап М. Әуезов пен С. Мұқановқа әдеби ескерткіш болып табылады» деп айтқан екен.


Ауыр 90-жылдары Әзілхан Нұршайықов естелік мен ақпарат жинауды жалғастыра береді. Бірақ нарықтық экономика жағдайында жазушының өз еңбек нәтижесін басып шығаруға мүмкіндігі жоқ болады. Тек 2000 жылы Ә. Нұршайқовтың жанкүйері әрі жерлесі Нұртай Сәбільяновтың демеушілікпен «Өмір өрнектері» атты әдеби күнделіктер мен «Қаламгер және оның достары» атты естеліктер жинағы басып шығарылады.

2001 жылы Әзілханның сүйікті жары, адал досы, қаламдас серігі Халима дүниеден қайтты. Сыңарынан айрылып қара қайғыға басылған Әзілхан “Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады”, - ұлы Абай демекші, «Халима» атты жиырма жоқтау сөз жазады. Оны алғаш рет Халиманың қырқына берілген асында жұртшылыққа оқып береді

Кейін бұл туынды 2005 жылы баспадан шыққан «Мәңгілік махаббат жыры» атты прозалық поэмасына кіреді. «Халима» атты бірінші бөлімдегі жиырма сөзі, екінші «Халимаға хат» бөліміндегі ақ өлең үлгісімен жазылған сағыныш саздары, «Халиманы еске алу» бөліміндегі әртүрлі хаттар, естеліктер, лебіздер, автографтар, көңіл айтулар бәрі де жеке кітапшаға лайық дүниелер. Әр бөлімін оқыған сайын бар дүниені ұмытып, ішкі сезімің Халима апамен бірге ілесіп кете береді.


Ә. Нұршайықов Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1980), А. А. Фадеев атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлық - күміс медалінің (1987) иегері. 2-дәрежелі Отан соғысы, "Құрмет белгісі" (1957), "Халықтар достығы" (1984), 3-дәрежелі "Даңқ",  «Парасат», «Отан» ордендерімен және "Ерен еңбегі үшін" (1995), «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Батырлығы үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған.

Соңғы күніне шейін Ә. Нұршайықов шығармашылық кештерге, оқырмандармен кездесулерге, теле- және радио-бағадарламаларға қатысып белсенді өмір сүрді. Торқалы тоқсанға аяқ басқан жазушы елімізде 2011 жылы өткен «Азиада» ойындары кезінде Азиаданың Шығыс Қазақстандағы ашылу салтанатына олимпиада алауын қала ішімен алып өтіп, оны Семейдің орталық алаңында жағып өз үлесін қосты. Әзілхан Нұршайықов 2011 жылы 12 ақпан күні қайтыс болды.


Әзілхан Нұршайықовтың есімі  ХХ ғасырдағы қазақ классиктерінің қатарында орын алады.
Материалдар бойынша құрастырылған: Қазақстан ақиқаты, Қазақстан энциклопедиясы, жеке мұрағаттар

Жазушы туралы

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылдың 15 желтоқсанында бұрынғы Семей облысы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. Әзілхан 14 жасында поэзияға құштарлығын аңғарады. Оның алғаш өлеңдері мен мақалалары аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде жарияланып тұрған.
© 2024 Әзілхан Нұршайықовты Еске Алу. Ресми сайты
Сайт құру: arctika.kz