Мәңгілік махаббат жыры
Әзілхан Нұршайықов,
«Мәңгілік махаббат жыры» кітабынан үзінді
Бірінші сөз
Халима екеуміз 54 жыл бірге өмір сүрдік. Өмірімнің соңғы күн, соңғы сағатына дейін екеуміз жұп жазбай, қол ұстасып қатар жүрдік.
Ол менің әйелім ғана емес, әрі шешем, әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды.
Жақында, Халима қайтыс болғаннан кейін, көңіл айтуға үйге «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Жанболат Аупбаев келді. Сол жігіт мынадай бір деталь айтты:
– Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында мен «Халық кеңесі» газеті редакторының орынбасары едім. Сол кезде біздің газетте 100-ші атқыштар бригадасы жауынгерлері жайында жазылған «Боздақтар» деген естелік-этюдтеріңіз шықты. Ол естеліктер газетіміздің бес нөмірінде басылған ең абыройлы материалдарымыз болды. Соны: «Ағаларың ауырып жатыр еді» – деп менің қолыма Халима апайдың өзі әкеліп тапсырған еді, – деді.
Бұл Халиманың курьерлік кішкене қызметінің бір мысалы ғана. Ал оның өзге үлкен қызметтерін айтып жеткізу үшін жеке бір кітап жазу қажет.
Екінші сөз
Өзінің әйелдік, жұбайлық, аналық, әдеби қызметін адал атқарған ол, постыда тұрып оққа ұшқан солдат сияқты күй кешті. Түсте қазандық бөлмеде, түстік дайындап тік тұрған кезінде аузынан қан кетіп, құлап түсті. Жедел жәрдем дереу ауруханаға жеткізді. Аурухананың реанимация бөлімінде 13 күн жатты. Талай емдеуден өтіп, асқынған шегіне жеткізген бауыр ауруы бой бермеді.
Бір күні түнде аурухананың кезекші дәрігері маған телефон соқты. Түнгі сағат бірде балалар бәріміз жан ұшырып ауруханаға жеттік. Реанимация бөлімінің палатасына балаларды кіргізбеді. Мені жалғыз жіберді.
Мен палатаға кіріп, қасына барып, құшақтап бетінен сүйдім. Халима менің қолымды сипап жатып, сөз сөйледі:
– Мен жеті жасымда жетім қалып (әкемнің аты Қалиақпар, шешемнің аты Зәукен ғой. Ұмытпа), 5 жасар сіңлімді жетектеп, детдомға түстім. Детдомда сіңлім Ханымжан қайтыс болып, мен жалғыз қалдым. Содан 10 жыл мен детдом мен интернатта тәрбиелендім. Сан рет ауырып, ауруханада жатып, балалар санаторийінде емделдім. Соғыстан кейін Москвадағы әскери госпиталь, санаторийінде жатып, бір жарым жыл және емделдім. Оны өзің білесің. Сан рет өліп, сан рет тірілгенмін. Одан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл бірге өмір сүрдік. Екеуміздің бір-бірімізге деген махаббатымыз мені өлмеуге мәжбүр етті. Саған қосылып, балалы-шағалы, немерелі-шөберелі болып, бақытты өмір сүрдім. Комсомолға өтемін деп интернатта үш жасымды өсіргеніммен, паспорт бойынша 80 жасқа жеткенім мәртебелі махаббаттың арқасы деп білемін. Енді, міне, айрық жолға жеткен сияқтымын. Саған айтатын мынадай өсиетім бар.
Халима осылай деп бір тоқтады. Қасында тұрған система сауытынан оның денесіне кетіп жатқан нәр-дәрі тамшылап тамып тұрды. Біраз дем алғаннан кейін қайтадан сөзін жалғады:
Бірінші айтарым: мен олай-пұлай боп кетсем, сен жылама. Жыласаң: әрі балаларды жылатасың, әрі жұрттың сөзіне қаласың. Қазақта: «Қатын өлді – қамшының сабы сынды» деген сөз бар. Сен жыласаң, жұрт сені мазақтап кетеді, «қатыны өлгенге жылаған жаман, жасық неме екен ғой!» дейді. Өзім өлсем де мен сенің соңыңа сөз ермесе екен деймін.
Екінші айтарым: қазір жұрттың бәрі өтірік болса да, шын болса да діншіл болып алды. Сен ғылымға ғана сенесің. Жердегі құдай – дәрігер деп білесің. Оның жөн. Бірақ, сен мені мұсылманша жөнелт. Мені жөнелту жұмысын Мақыш досымыз Байсейітоваға тапсыр. Жаназамды өзім жақсы көріп, қадірлейтін Асылхан қажыға шығарт. Егер молда шақырмасаң жұрт: «әйеліне құран оқытпай, арам өлтірді» деп қаңқу қылады. Мен сенің осындай жаман, лас сөзіңе қалмауыңды тілеймін.
Үшінші айтарым: сақалыңды өсірме, шашыңды қобыратпа, жағаңды қисайтпа. Ұнжырағыңды түсірмей, тік жүр. Жұрт сені: «әйелі өлгеннен кейін жүнжіп кетпесін» демесін!
Төртінші айтарым: мен ертеден өзім өлсем саған серік болар қандай әйел бар деп ылғи ойлап жүруші едім. Таба алмағанмын. Өйткені, саған жас әйелдің керегі жоқ. Жас әйелдің жас еркекпен қылмыңдағанын көтере алмайсың – жүйкеңді жұқартасың. Қартаң әйелдер аяқтарын әрең алып жүр. Олардың өздеріне күтім керек. Сен ешкімді күте алмайсың, күтуші бола алмайсың. Енді 80-ге келгенде саған үйленудің қажеті болмас. Балаларымыз күтер. Әрине, менің күтімімдей болмас. Бірақ, балалар не тамақ жасап берсе, соны іш. Не рыпайся («не рыпайся» деген «ақырма», «бақырма» деген мағынадағы өзіміз үй ішінде әзілдеп айтатын үйреншікті жаргонымыз болатын). «Анау жоқ, мынау жоқ» деп балалардың мазасын алма – жек көріп кетеді. Өз балаларыңа ұрыссаң да, келіндерге ұрыспа. Келіндер ұрпағыңның анасы ғой!
Бесінші айтарым: ұлдар арақ ішпесін!
Алтыншы айтарым: Ұлдар, қыздар, келіндер, немерелер сені күтсін! Сені күткені анамыз, әжеміз, енеміз еді деп мені ардақтағаны, менің жаным жайлы жатуына көмектескендері деп білсін. Саған осыларды айтайын деп шақырып едім.
Ал енді не айтамын? Жер аман болсын! Ел аман болсын! Ұлт аман болсын! Ұрпақ аман болсын! Біз сияқты ата-аналар әркім өз уақытында өмірден өтіп жатады ғой. Оның уақасы жоқ. Барлық ағайын, туыс достарға, қымбат көршілерге сәлем айт. Бәрінің ұзақ өмір сүрулерін тілеймін. Қош бол! Қош. Енді тез балалардың қасына бар. Сені күтіп, үрейленіп тұрған шығар. Бәрінің бетінен сүй. Мен үшін сүй!
Осылай деп еңкейіп, мені үш рет бетімнен сүйді.
Үйден фотоаппарат ала барған едім. Дәрігерге айтып (дәрігердің аты Мадина Қосмұхамедқызы Туғанбекова), Халима екеуміздің құшақтасып, сүйісіп жатқан сәттерімізді суретке түсіріп алдым.
Үшінші сөз
Осыдан бір аптадан кейін Халимадан хат алдым. Былай деп жазыпты:
«Әзілхан!
Мен тәуір сияқтымын.
Мұндағы дәрігерлердің мені бағып-қағуына тәнтімін. Бәрі мені өз аналарындай ардақтайды. Ертең сен осыларға сыйлық әкел.
1. Кулинарлық магазинде 4 – 5 килограммдық үлкен торт болады. Соның біреуін сатып ал. Сол магазинде одноразовый тарелкалар мен вилкалар болады. Соның әрқайсысынан 24 данасын қоса әкел.
2. Бұл отделениеде 8 дәрігер, 16 медсестра мен нянялар бар. Соларға арнап, 24 конверт жасап, дәрігерлерге – 2000 теңгеден, медбике мен няняларға – 1000 теңгеден салып алып кел. Ақшаны менің өзіңнің бір кітабыңды шығарып беруге спонсор боламын деп жинап жүрген дорбадан ал. 32 мың теңге. Оның орнын ауруханадан шыққан соң толтырамын ғой. Дәрігерлердің тізімін, аты-жөндерін қоса жолдап отырмын.
3. Мені уайымдап, жүдеп қалма! Жарай ма?
Өзіңнің Халимаң.
24 шілде, 2001 жыл.
Аурухана».
Ол осылай деп жазыпты. Балалар бәріміз қатты қуандық. Мен түні бойы әндетіп отырып, кішкентай конверттер жасадым. Әр конверттің сыртына дәрігерлердің, медбике-нянялардың аты-жөндерін толық көрсетіп:
«Мен сізге шексіз ризамын. Халима апай» –
деген сөздерді машинкамен жаздым.
Халиманың айтқан нәрселерінің бәрін түгендеп, ауруханаға алып бардық. Жанар, Жаннұр, Сабина төртеуміз барған едік. Палатаға мені ғана кіргізді.
– Жолдас сержант, бұйрығыңыз орындалды, – деп мен әскерше оң қолымды шекеме көтеріп, рапорт бердім.
Ол да күлімсіреп, рапортты қабылдаған ишара жасап, оң қолын жоғары көтерді. Система тамшылап, оның бойына нәр құйып жатыр.
Содан кейін дәрігерлер мен медбикелерді қасына шақыртып алды.
– Қарақтарым, мен 80-ге келдім, өзімді бақыттымын деп санаймын.
Сендер де сексенге келіңдер. Одан да асып, бақытты өмір сүріңдер. Сендердің мені бағып-қаққандарыңа менің аналық жүрегімнің ризалығы ретінде мына конверттерді қабыл алыңыздар. Және бас тартпаңыздар. Бұл сөзімді қарт ананың бұйрығы деп қабылдаңыздар.
Медбикелер мен нянялар жылап, Халиманы қайта құшақтап, бетінен сүйді. Басынан сипап, иіліп, ізет білдірді. Дәрігерлер мұңайды.
– Түуһ, жүрегімнен бір ауыр жүк түскендей болды ғой! – деп, менің қолымды алып, көкірегіне қысты. Содан кейін бізді үйге қайтарды. Біз масайрап қалдық. Енді ол жазылады деп шаттандық.
Төртінші сөз
Ертеңінде таңертең ерте тұрып машинкаға отырып Халимаға хат жаздым. Кешегі сыйлық беру рәсімінің ғажап оқиға болғанын айттым. Үй ішінің, ауыл-аймақтың хабарын қостым. Күліп, көңілденіп қалсын деп, кейбір әзіл әңгімелерді де тіркедім.
Содан кейін киіндім де, реанимация бөліміне телефон соқтым.
– Апайларыңның халі қалай? – деп сұрадым.
– Ойбай, аға, апайдан түнде төрт рет айрылып қала жаздадық, – деді кезекші дәрігер. – Тез қасына келіңіз.
Жан ұшырып ауруханаға жеттім. Келсем, кешегі сөйлеп жатқан Халимам тілден қалыпты. Тек көзі ғана сөйлейтін сияқты. Мені көріп, «келдің бе?» дегендей ишара жасады.
Мен дәрігерлерге жалындым:
– Мынау соңғы сағат қой. Қолынан сипап, қасында отырайын, рұқсат етіңіздер, – дедім. Бөлімше меңгерушісіне бардым, бас дәрігердің орынбасарына бардым, бас дәрігердің өзіне бардым.
Ешқайсысы рұқсат етпеді.
– Реанимация бөліміне операциядан шыққан адамдар келеді. Жай адамның отыруына рұқсат жоқ, – десті.
– Онда, қайтыс болғаннан кейін ішін жармаңыздар, – деп өтіндім. Бас дәрігер Бекімхан Құралбаев тағы да басын шайқады.
– Біз өлген адамдарға вскрытие жасамай, ешқайсысын шығармаймыз, – деді.
– Онда қайттім, қарақтарым-ау, – дедім дағдарып.
– Онда апайды үйге алыңыз. Үйде қайтыс болса, ішін жармаймыз, – деді бас дәрігер.
Жедел жәрдем машинасын, бір дәрігер, бір медбике қосып берді. Халиманы үйге әкелдік.
Үйге келгенде Халиманың тілі екі ғана сөзге келіпті:
– Үйге келдім бе? – деп сұрапты дәрігер мен медбикеден.
– Келдіңіз, апа, – депті олар.
Халиманың аузынан шыққан соңғы сөзі осы ғана. Тегі: «Ауруханада емес, үйде жатып өлсем-ау» деп армандап жатқан болуы керек. Зембілге салып үйге кіргізгенде өз үйін танып, қуанғаннан тілі шыққан тәрізді.
Мақыш досымыз, Үкіжан апа, Марал медбике және балалар бәріміз түні бойы Халиманың қасында отырдық.
Бір кезде қолын көтеріп, қасында отырған мені құшақтап, кеудесіне қысты. Сол қолымды қолтығына қысып, босатпай, жарты сағат ұстап жатты.
Әлсіз жатқан адамның қолын көтеріп, мені көкірегіне қысуға қалай шамасы келгеніне таң қалдым. «Менің өлмей, ұзақ жыл өмір сүргенім екеуміздің махаббатымыздың арқасы» ғой деп өзі әлденеше айтқан еді. Сол ұлы махаббат оған тағы да, соңғы сағатта күш берді ме екен? – деп ойладым.
Екеуміздің ең алғаш қосылған кездегі уәдеміз еріксіз есіме түсті.
Бесінші сөз
Менің ойымша махаббат үш түрлі болады:
1. Бала махаббат.
2. Шала махаббат.
3. Мәңгілік махаббат.
Бала махаббат әркімнің басында болады. Бала күнінде бірін-бірі жақсы көрген қыз бен жігіт артынан ғашығынан көз жазып қалады. Балалық махаббатты мен де басымнан кешіргенмін.
Жұрттың көбі шала махаббатпен өмір сүреді. Алғашында бірін-бірі шын сүйдік деп қосылған екі жұп артынан аңғал қосылғандықтарын аңғарып, не ажырасып кетеді. Не, балалы-шағалы болғандықтан, жұптарын жазбай, тоқтап қалады.
Ал, мәңгілік махаббат ілуде біреуде ғана болады.
Москвада 4 – 5 жыл тұрған, Семейде өскен қала қызы 1947 жылы электрі жоқ, радиосы жоқ, киносы жоқ, үйінде суы, көшеде дәретханасы жоқ, алыстағы «Ақбұзау» колхозына келін болып түсті. Сол ауылда екеуміз бір жыл тұрдық. Халиманы жарқыраған қаладан қараңғы колхозға жетелеп әкелген махаббаттың күші еді.
Мен Семей облыстық «Екпінді» газетінің (қазіргі «Семей таңы» газеті) Шар, Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандарындағы меншікті тілшісі болып қызмет істедім.
Мен аудан аралап командировкаға кеткенде Халима мен туралы жаман түс көріп қоямын деп қорқып, түні бойы ұйықтамай, керосин шамның жарығымен кітап оқып шығады екен. Мен болсам аудандағы шаруамды бітіріп, үйге қайтуға асығамын. Екеуміз бір-бірімізді көргенде мәз болып қуанамыз.
Сондай күндердің бірінде Халима маған былай деген еді:
– Егер сен жолаушы жүргенде бірдеңеге ұшырап қалсаң, мен сенсіз өмір сүрмеймін – артыңнан қоса кетемін, – дейді жылап.
– Қой, ондай жаман сөзді айтпа, – дедім мен жарымның жасты көзінен сүйіп.
Содан соң ол балаша күлді. Күлді де:
– Мен саған бір сөз айтайын, тыңдайсың ба? – деді.
– Айта ғой, – дедім жас келіншегімді арқасынан қағып. – Айтсам: немістің Стефан Цвейг деген жазушысы болған. Білесің бе?
– Жоқ.
Ол кезде мен расында да Стефан Цвейгті білмейтін едім. Кейін өзімнің ең сүйікті жазушыларымның біріне айналып кетті ғой.
– Білмесең, тыңда. Сол жазушы бір күні әйеліне: «Мен енді өмір сүрмеймін. Өлемін», – депті. «Сен өлсең, мен де өлемін», – депті әйелі. Содан кейін екеуі астарына ақ жамылғы жауып, үстеріне ақ көрпе жамылып, қатар у ішіп, құшақтасып жатып өліпті. Осы оқиға менің есімнен кетпейді. Сол сияқты біз де біріміздің соңымыздан біріміз, екіншіміз кете аламыз ба?
– Кетеміз, айналайын! – дедім мен ойланбастан.
– Егер сен бұрын кетіп қалсаң, мен сенен қалып, бір күн тірі тұрмаймын, – деді ол жыламсырап.
– Мен де! – дедім оның адалдығына көңілім босап.
Екеуміз қол алысып, серттестік.
Алтыншы сөз
Содан бері бірнеше жыл өтті. Екеуміз де аман-есен келе жаттық. 1997 жылы Халимаға операция жасалмақ болды. Бауыр мен өтке жасалатын ауыр операция.
Халима ешқашанда жүзік, білезік, сырға салмайтын. Алтын сағаттар да салмайтын. Операция жасалар алдында жұрт сыйлаған сол алтындардың бәрін зергерге апарып, 10 – 15 сақина соқтырды. Әр сақинаға «Халима. 1997» деген жазу жаздырды. Содан кейін ол сақиналарды қыздарына, келіндеріне, немерелеріне таратып берді.
Ертең операцияға баратын күні Халима маған:
– Ал, папасы, енді екеуміз әңгімелесейік. Екеуміздің баяғы, жаңа қосылған кезіміздегі «Ақбұзау» колхозындағы сертіміз есіңде ме? – деді басымнан сипап.
– Есімде, маматай. Есімде.
– Есіңде болса: менің операция үстінде өліп кетуім мүмкін. Ал, сен қалай өлесің?
– Мен қалай өлемін?.. Маяковский атылып өлген, Фадеев те сөйткен. Есенин... Бірақ, мен асылып та, атылып та өлмеймін.
– Сонда қалай өлесің? Мен сенің жұртқа күлкі болмай, ақ өліммен өлгеніңді қалаймын ғой.
– Мен оны да ойлап қойғанмын. Француз Президенті Миттеранға ұқсап өлемін.
– Қалай?
– Миттеран ауыр науқасқа ұшыраған екен. Тек дәрінің күшімен күн көріп жүріпті. Президенттіктен өз еркімен түсіп, мемуарын жазып бітіріп болғаннан кейін үш күн дәрі ішпей қойыпты.
Сөйтіп, өмірден өтіпті. Мен де дәрімен күн көріп келемін. Күніне 20 таблетка дәрі ішемін. Мен де дәрі ішуді тоқтатамын. Содан кейін жылт етіп, жаныңа жетіп барамын.
Халима басын шайқады.
– Жоқ, сен өйтпе.
– Неге?
– Мен бұрынғы сертті бұзамын. Бұздым!
– Себеп?
– Бұрын екеуміз де жас едік. Баламыз жоқ болатын. Енді балаларымыз да, немерелеріміз де, тіпті шөберелеріміз де бар. біреуміз тірі қалып соларға бас-көз болуымыз керек. Сол себептен мен бұрынғы сертті бұздым. Сен де бұз. Әкел қолыңды.
Екеуміз қайтадан серттестік. Біріміз өлсек, біріміз тірі қалып, балаларға бас-көз болатын болдық.
Ертеңінде Халима операцияға барды. Наркозды оған екі рет беріп, ол үш күннен кейін есін әрең жиды. Біздің Халимадан айрылып қалады екенбіз деп есіміз шықты. Ауруханада бір ай жатып, әупірімдеп үйге қайтты...
Халима мені құшақтап, қолымды жібермей жатқанда: «Сен өлме, тірі қал, жаным!» деп жатыр ма екен деп ойладым.
Мені босатқаннан кейін көзін ары төңкеріп, біреуді іздегендей болды. Сол сәтте шөбересі кішкене Халиманы көтеріп апарып, бетіне тостық. Ернін әрең қыбырлатып, шөбересінің бетінен сүйді. Шөбересі де кішкентай ернін икемдеп, әжесінің бетіне тигізді. Сол кезде Халиманың көзінен бұрқ етіп жас шықты.
Сөйтіп жатып, қайран Халима: «Қош, жарық дүние!» деп 27-ші шілде күні таңертеңгі сағат 9.40-та өмірден өтіп кетті.
Жетінші сөз
Әркім өз әйелін ең асыл металл алтынға бағалайды ғой. Ол дұрыс! Ал Халима алтын емес. Менің қолыма Тағдыр ұстатқан сом алтын сияқты еді.
Енді оның кейбір қасиеттеріне тоқтала кетейін.
Кейбір әйелдер жас басынан ұмытшақ келеді. Халима қыз күнінен өте зерек еді. Орта мектепте, институтта тыңдаған сабақ, естіген лекцияларын, шығарған есептерін артынан бұлжытпай айтып беретін. Барлық семинар сабақтарының лекцияларын ол, көбінесе, дәптерге жазбай-ақ есіне сақтайтын.
Үйде біз әзілдеп оны «Біздің компьютеріміз» деп атаушы едік. Өйткені, ол қалалық автовокзалдың, темір жол вокзалының, аэропорттың, барлық дос-жолдастарымыздың үй телефондарын жатқа білетін. Қай мекеменің, кімнің телефонын сұрасаң да мүдірместен айтып беретін. Орыс, қазақ, европа әдебиеттері классиктерінің аты-жөндерін ғана емес, олардың романдарының басты кейіпкерлерін де есінде ұстайтын.
Егер Халима маған тұрмысқа шықпай, басқа біреуге барса, атақты ғалым әйелдердің бірі болатын еді деп ойлаймын. Ол өз бойындағы осы тамаша талантты мәртебелі махаббат жолына құрбан етті – өз талантын құрбан етті – өз талантын өшіріп, менің талантымды өрістетті. Өз бойынан неше алуан талант төгіліп тұрса да (ісмер, тігінші, шебер кестеші, емші, етікші, электрші, монтер, слесарь да болатын), соның бірде-біріне мақтанбайтын: ісмерлігін мүлде елеусіз нәрсе ретінде бағалайтын.
Әйел адамдар мұң шаққыш келеді. Халима ондай емес еді. Ешкімнің алдына барып арыз айтпайтын.
Әйел адамдар жылауық келеді. Қит етсе жылап қоя беретін әйелдер болады. Халиманың көзінен жас сирек шығатын.
Әйел адамдар күлкішіл келеді. Қарқылдап қатты күлетіндері де болады. Халима ақ тістерін жарқырата көрсетіп, еріндерін сәл ашатын да, жай ғана жымиып қоя салатын.
Көп әйелдер күйеуіне кінә таққыш келеді. 54 жыл бірге тұрғанда Халима маған бір рет те кінә қойған емес. Ол менің мінім жоқтықтан болмаса керек. Жоқтан өзгеге жармасып, жарымның жанын жараламайын дегендігінен шығар.
Көп әйелдер өзін-өзі аяп, өзгенің де оны аяп аялауын талап еткіш келеді. Халима өзін аяп, аяншақтану дегенді білмейтін еді. Мәселен, менде он мыңға жуық кітап бар. Халима ерінбей, жалықпай соның бәрін тізімге тіркеп отырды. Менде 800-ден аса жазушылар, журналистер, әр алуан авторлар қолтаңба жазып сыйлаған кітаптар бар. Халима солардың бірін жоғалтпай жинап, арнаулы картотека жасады. Барлық кітаптардағы автордың сый сөздерін өз қолымен картотекаға көшіріп қойды.
Бір жолы командировкадан келсем, Халима үйдегі суреттердің бәрін алдына жайып салып, жыл-жылымен реттеп отыр екен.
– Картотекаға түсіріп, әр суретті жеке-жеке конверттерге салып, нөмірлеп қояйын деп едім, – дейді.
– Суреттер көп қой. Оған шаршап қайтесің! – деймін әйелімді аяп.
– Бұл суреттердің бәрі заман тарихы ғой. Кейін керек болар. Әр суреттің сыртына ондағылар кім екенін, қашан түсірілгенін бәрін анықтап жазып отырмын, – дейді ол сабырлы қылықпен.
Сөйтіп, ол мыңнан аса суретке өз қолымен текстовка жазып, оларды жеке-жеке конверттерге салып, әр конвертті нөмірлеп, ол конверттердегі суреттердің түсірілген жылдарын сыртына жазып, үйдегі үлкен темір шкафтың екі сөресіне тізіп қойды.
Қазір жұрттың сұраған суреттерін Халиманың картотекасы бойынша қолма-қол тауып бере аламын. Жақында теледидардан Бауыржан Момышұлы, Жайық Бектұров, Ыбырай Жақаев туралы хабарларына қатысқанымда Халима реттеп кеткен суреттерді шетінен алып, көрермендерге көрсетіп отырдым.
Көп әйелдер ұят дегенді естігенімен, ұялуды білмейді. Қоғам рұқсат етті деп, ашық-шашық, жалаңаш-жалпы жүре береді. Ал, Халима маған жалаңаш денесін көрсетуге ұялатын. Көрсетпейтін.
Халима маған жалаңаш тәнін көрсетпегендіктен, мен «Махаббат, қызық мол жылдар» романын жазғанда Меңтайдың жалаңаш қалпын Италия суретшісі Джорджоненің «Ұйықтап жатқан Венера» картинасына үңіліп отырып жаздым. Ал, Меңтай бойындағы адамгершілік қасиеттердің бәрін Халимадан алдым.
Мінеки, Халима келіншек қалпынан кемпірге айналғанда да сол табиғи ұялшақтығының бір мысқылын жоғалтқан жоқ.
Әйелдер баласын мақтап, байын мадақтап, өзін өркештендіріп отырғанды ұнатады. Кейбір әйелдер ұрлық жасап, түрмеге түскен, маскүнем болып кеткен балаларын да көкке көтере мақтай жөнеледі. Күйеулерін: «Сен пәленшеден артықсың, түгеншеден де биіксің. Сенің талантыңа ешкім тең келмейді» деп қолпаштап, қоздырып, желіктіріп отырады. Халима өмірі өйткен емес. Ол жақсы балаларын да, жаман емес күйеуін де жұрт көзінше, не оңашада мақтап көрген жоқ. Ал ішінен балаларын да, мені де шексіз сүйетін, жанындай жақсы көретін еді. Егер әке мен балалар бір нәрсеге келіспей қалса, ол үнсіз отырып қалатын. Ешкімді де жақтамайтын. Кімнің теріс, кімнің оң екенін сол үнсіздігімен ұқтыратын.
Қайда жүрсек те жанына жастық, жүрегін төсеп отырушы еді маған. Қайран Халиманың осындай мінездері болушы еді.
Сегізінші сөз
Әйелдердің көпшілігі қорқақ келеді. Олар көлеңкелерінен қорқып, жоқтан өзгеден үркіп тұрады. Осыған орай Халиманың бір ер мінезін ерекше атап айтқым келеді.
1987 жылы КПСС Орталық Комитетінің «Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаулысы шықты. «Правдадан» бастап, барлық газеттерде басылды. Мен сол қаулыға қарсы болып, КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары Горбачевқа хат жаздым. Қазақтардың ұлтшыл емес, нағыз интернационалист, патриот халық екенін дәлелдедім. Қаулыдағы «қазақ ұлтшылдығы» деген сөздерді өшіріп, оны жұртқа жариялауды өтіндім.
Хатымды алдымен Халимаға көрсеттім. Ол оқып шықты.
– Не айтасың? – дедім содан соң.
Ол ойланып ұзақ отырды. Содан кейін:
– Бұл хаттан кейін сені түрмеге жабады. Ұрып-соғып, қорлық көрсетеді. Мен сені ондай қинауға қимаймын. Менің ерім де, әкем де, шешем де сенсің. Бірақ, сен менің күйеуім ғана емес, ұлтыңның ұлысың ғой. Ендеше мен саған менің күйеуім ғана бол, ұлтыңның ұлы болма деп айта алмаймын. Тәуекел, мен көндім, – деді.
Одан кейін төрт баламмен ақылдастым.
– Папа, біз көп болса Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтың балаларының көрген күнін көрерміз. Олар да өлген жоқ қой. Хатыңызды Горбачевқа жіберіңіз, – деді Жанар, Жаннат, Арнұр, Жаннұр төртеуі бірауыздан.
Осыдан кейін Халима екеуміз Горбачевқа жазылған хатты ең жақын досымыздың үйіне апарып оқыдық. Оқып болғаннан кейін досыма:
– Сен осы хатқа менімен бірге екінші қол қойсаң қайтеді? – дедім.
Досымның әйелі баж ете қалды.
– Ойбай, Әзаға, сіздің осы үйдің шаңырағын ортасына түсіргіңіз келе ме? Жоқ мұндай хатқа менің күйеуім қол қоймайды. Өлсем де қойдырмаймын! – деді.
Мен досыма қарадым. Оның Брежневше тамсанып отырып сөйлейтін әдеті бар еді. Тамсанып отырды да:
– Болмайды! – деп басын бір-ақ шайқады.
Мен ол хатты жалғыз өз атымнан Москваға жібердім. Ол кезде Алматыдан Москваға баратын хат кеден тексеруден өтетін. Сондықтан ол хатты почтаға салмай іні-досым Олжас Сүлейменовтен беріп жібердім. Ол Москваға барған сапарында КПСС Орталық Комитеті үйіндегі еңбекшілер хаттары түсірілетін үлкен жәшікке апарып салды.
Менің ол хатым артынан Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне келді. Оны Колбин, Мұқашев, Камалиденов, Назарбаев, Өзбекәлі Жәнібеков бәрі оқыды.
КПСС Орталық Комитетінің Мищенко, Захарченко деген екі инспекторы үйіме телефон соғып, «Сен неге ондай хат жаздың?» деп төбеме әңгір таяқ ойнатты. Сені партиядан шығарамыз деді. Бірақ, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бюросы Мищенко мен Захарченконың жетегіне жүрген жоқ. Әсіресе, Өзбекәлі Жәнібеков марқұм мені қорғауға аянбай атсалысты.
КПСС Орталық Комитетінің «ерекше бақылауға тұрған» («На особом контроле») бұл хатына мені қорғап, оған Қазақстан Компартиясы бюросы атынан өз қолымен байыпты жауап жазған да Жәнібеков болды. Өзкең марқұм ол хатын Москваға жөнелтер алдында үйге телефон соғып, маған оқып берді. Сол сәтте үйімізде құрметті достарымыз Күбара мен Тұрсынбек екеуі отыр еді.
– Кіммен соншама ұзақ сөйлестіңіз? – деді Тұрсынбек.
– Өзбекәлі Жәнібековпен, – дедім мен.
– Бойына қарамай бұған ЦэКаның секретары телефон соғады, – деді ол әзіл-шыны аралас мысқылдап. Тұрсынбек менің бойымды мысқылдамай жүре алмайды. Ол кісінің менің бойыммен бақталастығы бар. Қазақ бірімен-бірі бақталаспай жүре ала ма?
Менің ол хатымды Олжастан кейін оқыған үшінші адам, дос інім Софы Сматаев болатын.
Мінеки, ағайын, Халиманың осы ересен моральдық, әйелдік, аналық, даналық ерлігін мен ешқашан ұмытпаймын!
Тоғызыншы сөз
Халима жүрегін жаулаған махаббат күшінің тағы бір тарауын айта кетейін. Мен 6 рет инфаркт боп ауырдым. Сол ауыр сырқаттардан Халиманың маған деген махаббаты сүйрепpisma шығарды. Олай дейтінім, сол кездерде мені бағып-қағып аурухана палатасында қасымда жатып, аузыма су тамызып, жаныма жігер, бойыма қуат беріп, аяғымнан тік тұрғызып, қолтықтап, сан рет үйге алып қайтты. Аса ауыр жүрек ауруына шалдыққан мені отыз жыл күтіп, осы күнге аман-есен жеткізді.
Ауруханада жатқан кездерде күні-түні кірпік қақпай мониторға қадалып, жүрегімнің соғуын санап, оның минут сайын сүрінгенін қағазға тізумен болды. Жүрек жүрісі нашарлай бастаса, жанұшырып дәрігерге қарай жүгірді. Кардиология институтында біздің осындай қыл үстінде жатқан сәттерімізді, сол кездердегі Халиманың жанқиярлық еңбегін Тұрсынбек Кәкішев, Қалмұхан Исабаев інілеріміз бірнеше рет өз көздерімен көрді. Халиманың күндіз-түні қасымда отырып, монитор иректерін санап берген мәліметі бойынша менің жүрегіме шипалы ем жасап, әлденеше рет ажалдан арашалап қалған медицина ғылымының кандидаттары Гүлзада Мүкейқызы Көшімбаева мен Марат Әбдірахманұлы Баязитов және басқа дәрігерлер куә.
Қазақта «жан досым» деген сөз бар. Бұл сөз жаның қиналып, қысылған сәттерде қасыңда болып, шыбын жаныңды қорғасқан адамдарға арналған болар. Күйеулері ауырғанда «жедел жәрдеммен» жөнелтіп жіберіп, «дәрігерлер емдеп жазады» деп, үйлерінде алаңсыз ұйықтап жататын әйелдер аз ба? Халима ондай әйелдердің бірде-біріне ұқсамайтын еді.
Мінеки, сол Халима қайтыс болғаннан кейін 17 республикалық, облыстық, қалалық және салалық газеттерде қазанамалар (некролог) мен көңіл айтулар жарияланды.
Бірнеше адамдар телефон соғып, жеделхат жіберіп, факс арқылы көңіл айтты. Менің оларға деген алғысым «Қазақ әдебиеті» газетінің 24-ші тамыз күні шыққан №34-ші нөмірінде жарияланды.
Оныншы сөз
Мына менің саусағымдағы алтын сақинаны көріп тұрсыздар ма? Енді осы сақина туралы бір ауыз сөз айта кетейін.
Мен өмірімде саусағыма сақина салмаған кісімін. Кейбір жазушылар мен ақындар саусақтарына тоқпақтай алтын сақина салып жүргенде «мақтаншылық қой!» деп ішімнен күлетінмін.
Енді, міне, Халима қайтыс болғаннан тура 30 күннен кейін саусағыма алтын сақина салып, «сәнденетін» болдым. Мұнда не мән бар?
Тамыздың 25-і таңертең кеше қайтыс болған Әлжекеңнің (Әлжаппар Әбішевтің) балаларына барып, көңіл айтып қайтуға қамдандым. Конвертке 5000 теңге салып ала барайын деп (Халима болса Әлжекеңнің жабдығына 5000 теңгеден кем қоспас еді деп ойлап), кішкене сейфімді аштым. Онда Халиманың өзім спонсор болып, бір кітабыңды шығарып беремін деп жинап жүретін ақшасы болушы еді. 5000 теңгені соның ішінен алмақ болдым.
Ақша салған дорбаны ашып қарасам, оның түбінде бір алтын сақина жатыр. Бетінде: «Халима. 1977 жыл» деген жазу бар. Бұл Халиманың 1997 жылы операцияға жатар алдында жасатып, қыздарына, келіндеріне, немерелеріне таратып берген жүзіктерінің біреуі. «Бұл кімге арналған екен? Балаларының бәріне таратып беріп еді ғой», – деп таңдандым.
Осылай деп ойлап, саусағыма салып қарасам – маған дәп-дәл екен. Саған да сақина жасаттым деп Халима айтпаған еді. Жалпы, Халима біреуге жақсылық жасаса, оны жария етпейтін. «Мен өйттім, бүйттім» деп ешкімге айтпайтын. Сол әдеті бойынша маған жасатқан сақинасын мен өлгеннен кейін өзі тауып алып, саусағын салсын деп ойлаған болуы керек.
Көзіме жас келді. «Бұл сақинаны өмір бойы саусағымнан шығармаспын!» деп өзіме ант бердім.
Түсте балаларыма Естай ақынның Хорлан сұлудан алып қалған алтын сақинаны өмір бойы саусағынан түсірмей жүріп, өлгенде өзімен бірге ала кеткенін, сол сақинаның иесіне арнап, «Хорлан» деген атақты ән шығарғанын айттым.
– Сол сияқты сендер де мен өлгенде бұл сақинаны саусағымнан суырмаңдар, – дедім.
Балаларым мұңайып отырып, бас изесті.
– Папа, айтқаныңызды орындаймыз. Ал сіз «Хорлан» деген ән шығарған Естай атамыз сияқты «Халима» деген кітап жазасыз ба? – деп сұрады олар.
– Амандық болса, жазамын, қалқаларым, – дедім балаларыма.
Мен Халиманы кей түнде түсімде төрт рет көремін. Күндіз үйдегі суреттеріне қарап, көз алдыма елестететінмін. Ал мына Халима қалдырып кеткен алтын сақина арқылы түнде оны қасымда жатқандай сезінемін. Күндіз көшеде қолтықтасып қатар келе жатқандай күйде боламын.
Сақина алтыны күндіз – күнге, түнде шам жарығына жалт етіп қалған Халиманың жарқ етіп, өзіме қиыла қараған мейірімді көзін көргендей боламын. Халима мәңгі менімен бірге деп сезінемін!
Естай ақынның Хорлан қыздың сақинасын саусағынан неге түсірмей өткенін енді түсіндім. Ол қолы жетпей қалған асыл арманның өкініші ретінде сақтаған екен. Ал мен қолым жеткен ғашықтық жеңісінің жалтылдаған жалауы ретінде сақтайын!
Мәңгілік махаббаттың өшпес сәулесі деп сақтаймын!
Мінеки, бұл кішкентай сақинаның кішкентай тарихы осындай. Жас кезімде қолыма жүзік салмай, сексенге тақағанда саусағыма алтын сақина салып, «сәнденуімнің» себебі сол!
Халима жасатқан бұл жүзіктер бүгін оның қыздары мен келіндерінің, немерелері мен шөбересінің саусақтарында жүр. Ертең ұрпақтан-ұрпаққа ауысады. Осы жүзіктер арқылы да Халима есімді алдағы ХХІІ ғасырға да жететін шығар деп үміттенемін. Бәлкім одан да арыға кетер. Алтын тозбайды ғой.
Өзі жасаттырған жүзіктерінің бәрін кіші қызы Жаннаттың саусағына салып жатып Халима былай деген екен:
– Әкелеріңнің артында кітаптары қалады. Сол арқылы оны естеріңе түсіресіңдер. Менің артымда не қалады естелікке осы жүзіктен басқа? Папаңның кітаптары мен менің осы жүзіктерімді жоғалтпай сақтап, өз шөбере, шөпшектеріңе беріп кетіңдер. Олар да өз балаларына беріп кетер...
Халима жалғыз Жаннат қана емес, барлық келіндеріне, күйеу балаларына (оларға да арнап жүзіктер соқтырыпты), немерелеріне де солай депті. (Кейін өзі аттас Халима деген шөбересі туып, ол бір жасқа келгенде оның құлағына арнап, кішкентай алтын сырға және соқтырып берді. Үйде Халиманың ол сырғаны шөбересінің құлағына салып жатқан кезде түсірілген сурет сақтаулы).
Он бірінші сөз
30-шы тамыз күні Олжас Сүлейменов үйге келіп көңіл айтқанда (бұрын Римнен телефон соққан ғой), оған Халимадан қалай айрылып қалғанымды жыр етіп айтып, жанымның мұңын шақтым. Жанарыма жас іркіліп, бірнеше рет тоқтап та қалдым. Олжас үнсіз егіліп отырды. Бірақ, көзінен жас шығармауға тырысты. Жас шығармағанмен, үйдің іші қоңыр салқын.
Балконның ашық есігінен самал соғып тұрса да, маңдайы мен самайы тершіп, үстел үстіндегі ақ салфетка қағаздан екі рет алып, маңдайын, бетін, көзінің алдын сүртті.
Қасындағы кісі:
– Әзеке, босамаңыз, – деп қалып еді, Олжас басын шайқады.
– Халимадай ақылды ападан айрылып қалғанда қалай босамайды?! – деп жолдасын тыйып тастады. (Жолдасы құран оқытуға ерте келген Амантай Асылбек болатын). – Әуезов сияқты ұлылар отырған осы орындықта отырып, Халима апайдың қолынан талай дәм татып едім мен де.
Ол осылай деп үнсіз отырып қалды. Менің көз алдыма Халиманың қолынан дәм татқан ағалар мен інілер елестеді. Олар өз қалыптарымен бір-біріне көрініп бой көрсеткендей болды. Ол кісілер кімдер еді?
Халима асты да дәмді, жұғымды етіп пісіретін. Оның ас пісіру шеберлігін кінәмшіл, кірпияз ағамыз, ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтың өзі мақтаған болатын. Ол кісінің:
– Кейбір үйге барсаң, тамағына тісің батпай, көзің бозарып аш қайтасың. Ал Халима келіннің пісірген асына тойғаныңды сезбей де қаласың! – дегенін өз құлағыммен естіген болатынмын. Бұл сөзді ол ағамыз біздің үйден қонақтан қайтып бара жатқанда, машина ішінде айтқан еді. Ғазиза жеңгей екеуін мен машинамен үйлеріне өзім апарып салған болатынмын.
Халиманың осы келген қонақтар «тойғанын сезбей қалатын» дәмді асынан талай тамаша адамдар дәм татты. Біздің дастарханның ең алғашқы қадірлі қонағы Мұхтар Әуезов ағамыз болды. Ол кісіні қалай қонақ еткеніміз туралы мен өзімнің «Екі естелік» деген кітабымда айтқанмын.
Халима қол өнеріне ғана емес, қонақ күтуге де талантты еді. Өзі танымайтын, маған да бейтаныс оқырмандарды да қабақ шытпай қабылдап, құрметтеп күтіп, қуантып шығарып салатын. Танымаса да кейбіреулеріне шапан кигізіп, сәлемдеме беріп жіберетін. Сол танымайтындардың ішінде біздің үйден шапан киіп қайтқан оқырмандардың бірі Атырау қаласындағы балық комбинатының жұмысшысы Өтеген Бейсенғалиұлы бауырымыз еді. Жалпы танитын, танымайтын ағайындардан Халиманың қолынан жиырма шақты адамның шапан киіп кеткендері есімде...
... Содан соң, Олжас еңсесін көтеріп тіктелді де:
– Әзеке, қайтеміз? Тағдыр солай болса – не шара?! Өзіңіз аман болыңыз, балаларыңыз аман болсын! – деп қайта еңкейіп, мені бетімнен сүйді (екеуміз қатар отырғанбыз). Содан кейін сағатына қарады. Сағат 6-да антиядролық халықаралық жиналысқа қатысқандарға банкет беріледі екен. Соған баруға рұқсат сұрады.
– Бар, айналайын, – дедім мен.
Бір сағаттай бірге болып Олжасты екі жолдасымен шығарып салдым. Құшақтасып қоштастық. Екінші жолдасының кім екенін білмедім.
Он екінші сөз
Су сұрасам – сүт, қарта сұрасам – қазы, жая сұрасам – жал беретін еді Халима. Жанынан – жылу, жүрегінен жыр беруші еді маған. Ойымды жалғап, өрісімді кеңейтуші еді менің. Сөйлесек – әзіл, күлсек күлкіміз таусылмайтын еді біздің. Кемері қуанышқа шүпілдеп тұрған сол бір ғажайып жан дариясы Халима кеткеннен кейін, суы тартылған теңіздей болып, шетсіз, шексіз шөлге айналды. «Балығы тайдай тулаған» сырлы, сұлу дарияның орнына сан алуан сағым ойнаған көлемді кеңістік қалды мен үшін.
Барлық әйел – бағалы! Әйелдер ең ғажайып дүние! Бірақ, біз – еркектер олардың ғажаптығын қадірлей білмейміз.
Халима менің созсам қолымды, ойласам ойымды ұзартушы еді. Ақылыма – ақыл, абыройыма абырой қосатын еді. Жатсам – жастығым, жантайсам төсегім болушы еді. Жабырқасам жадыратушы, жаңылсам түзетушім болушы еді. Зейін зеректігімен, энциклопедиялық білімімен маған көз жазбай көмектесіп отырушы еді. Менің жан жарым, әдеби серігім, ардақты аяулым, асыл досым Халима осындай кісі еді!
Халима маған балаларымның шешесі ғана болған жоқ, өзімнің де шешем сияқты болды. Шешем ғана емес, рухани ұстазым, ең сенімді серігім болды. Бір сөзбен айтқанда, Халима менің өз өмірімнің аспанында жарқыраған күнім болды. Менің Күнім!
Әр әйел – өз отбасының алтын Күні. Күн – көктегі Жерге жақын газ бейнелі ең ыстық жұлдыз екені, Жердегі бар тіршілік қуат алып, соның жылуы мен жарығы арқасында өсіп, өнетіні аян.
Ал мен Жер әлемнің жердегі Күні – әйелдер дер едім. Жер бетіндегі ең ақылды тіршілік иесі адамзат болса, адамзатты құрайтын адамдар әйел құрсағынан шығады. Әйелдің күйеуіне, балаларына сіңіретін еңбегін ешқандай электрондық есептегішпен есептеп шығара алмайсың. Әйел – Ана қарызын ешбір еркек, ешбір перзент өтей алмақ емес. Егер мен жүз жыл жасасам да, Халиманың маған сіңірген еңбегін, оның адамгершілік, әйелдік, ұрпағымды өрбіткен аналық қарызын өтей алмаспын деймін. Өтей алмаймын! Басқа еркектердің қалай бағалайтынын білмеймін, өз басым осылай ойлаймын.
Өзім өлгенде артымда қалдыруға қимайтын екі асылым бар еді. Оның біріншісі – өмірлік жарым Халимам, екіншісі – жарғақ құлағым жастыққа тимей өмір бойы жинаған кітаптарым еді. Сөйткен қимас Халимам мені артына қалдырып, менен бұрын өзі өмірден өтіп кетті.
Қайтып келмесіне көңілімінің сенгісі келмесе де, көзім жетті.
Қош, қалқам, қош!
Халима ауруханада жатып, менімен қоштасқан түнде былай деп еді:
– Жұрт саған: «жылама!» дер. Жұрт саған: «берік бол!» дер. «Жылама!» деп айту оңай, жыламау қиын. «Берік бол!» деп айту оңай, берік болу қиын. Дәрігерлер: «Қыстыққанда жылап алған жөн» дейді. Мені сағынғанда оңашада отырып жылап ал. Бір-ақ көз жасыңды балаларға көрсетпе!
Ол осылай деген еді.
Балалар үнемі қасымда болады. Тамағыма кесек кептеліп, көзіме жас жиналғанымен олардың көзінше жарытып жылай алмай жүруші едім.
Кеше кешке, сағат 21 – 22 арасында оңаша қалдым. Жаннат үйіне бір шаруасына кеткен еді. Сол кезде кабинетке кіріп, жоғарыдағы көршім естіп қоймасын деп, балконның есігін жауып алып, Халиманың суретіне қарап отырып, еңіреп, егіліп жыладым-ай келіп. Соғыста жүріп, әкем өлгенде жылаған жоқ едім. Жорықта келе жатып шешемнің өлгенін естігенде жылаған жоқ едім. Жылайтын уақыт та жоқ еді ол кезде. Жылап отырғанда телефон шырылдады. Трубканы көтерсем – досымыз Нұрекең (Нұрым Сансызбаев) екен. Өксігімді тиып, жылағанымды сездірмеуге тырыстым.
Артынан сылдыратып есік ашып, Жаннат келді. Мен ештеңе болмаған сияқтанып, екі көзімді алақаныммен сүртіп, жазу жазған болып, үстеліме еңкейіп отыра қалдым.
Мінеки, сексенге келгенде жақсы көрген жан жарынан айырылған адамның жағдайы осындай болады екен. Жол үстінде қазынасынан айрылған керуендей, мастығынан айыққан маскүнемдей, қалтасында бір тиын қалмай, алақанын үнемі алға қарай жайып тұратын соқыр қайыршыдай боп қалады екенсің!
Әрине, балаларың да – байлық! Бірақ, ол өзгеше дүние ғой.
Жылағанымды айтпауым керек еді. Айттым, ағайын. Мен де адаммын ғой.