Лебіздер
Әзаға - нағыз халық жазушысы еді. Оның әрбір шығармасын жұртшылық қызыға оқитын. Ол кісі өз қаламының құдіретімен қазақтың каһарман перзенті Бауыржан Момышұлына арнап өшпес ескерткіш тұрғызып кетті. Адамға тән асыл қасиеттер мен пәк махаббатты қара сөздің құдіретімен әсерлі жырлады. Оның қарапайым күнделіктерінің өзінен де уақыт пен дәуірдің тынысы барынша шынайы бейнесін табатын.
Өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастамаған қаламгер өнімді еңбек етіп қана қоймай, халқымызды ынтымақ пен бірлікке шақырып, тәуелсіз еліміздің тілеуін тілеп өтті.
Оның шығармалары ізгілікке қандай толы болса, өзінің жаны да сондай нұрлы да мөлдір еді. Мен оның өзіме берген батасын, жазған хаттарын, арамызда болған әңгімелерді ұмытпаймын.
Әз-ағаның өнегелі өмірін, жарқын бейнесін, ғибраты мол шығармаларын халқымыздың да ұмытпасына сенемін.
Қазақ халқының ардақтаған аяулы қариясы, көнелердің асыл тұяғы Әзағаның өмірден өткенін естігенде көзімнен еріксіз жас парлап кетті. Күні кеше ғана маңдайымнан сүйіп, «айналайын» деп мейірленген ағадан бір сәтте айырылып қаламыз деп кім ойлаған. Әке марқұм «Адамның жер бетіндегі ғұмыры кірпікке ілініп тұрған бір тамшы жас секілді. Кірпікке ілінген жас көзге қайта кірмейді, жерге тамады. Ерте ме, кешпе, күндіз бе, түнде ме, сол жастың кірпіктен қашан үзіліп түсерін пенде пақыр болжай алмайды. Ол тек бір Аллаға аян», деуші еді. Иә, Алланың сызығын ешкім аттап өте алмайды. Бұл ақиқатты ақылмен түсінсек те, жүрек шіркін «өлдіге» қимай, бұлқынады. Әзаға Момышұлы шаңырағы үшін тәбәрік адам еді. Әкеміздің көзіндей көріп еркелейтінбіз, ардақтайтынбыз. Қашан көрсең өмірге құштарлығымен, жастарға үлгі-өнегесімен, аталық ақыл сөздерімен төрт құбыласы түгел жандай жадырап жүретін. Тіршілікте кездесіп жататын кем-кетікті айтып шағынғанды жаны сүймейтін. Шүкіршілік пен тәубе аузынан түспейтін.
Әзілхан ағаның ғажайып еңбекқорлығы кімге де болса үлгі болатын қасиет еді. Өмірінің соңына дейін қаламы қолынан түспеді. Саналы өмірін қазақ халқына, өсер ұрпаққа адал қызмет етуге арнады. Соңғы демі біткенше ел-жұртымен бірге болды, елінің сөзін сөйледі. Қазақ деген іргелі ел аман тұрғанда Әзаға да халқының жүрегінде өмір сүреді.
Қадірлі ағайын! Қаза бәрімізге ортақ болғандықтан алдымен қазақ халқына басымды иіп көңіл айтамын. Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын деп тілеймін. Ағаның отбасының, туған-туысқандарының қайғысына ортақтаса отырып, Әзілхан ағаның алды пейіш, арты кеніш болсын деп бір Алладан сұраймын!
«Егемен Қазақстан», 15 ақпан, 2011жыл, 8-беттен.
Әзілхан екеуіміз 66 жыл бойы достық қарым-қатынаста болдық. Ол 1945 жылы оқуға келіп түсті. Бір факультетте оқыдық. Одан кейін ол біраз уақыт Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде редактор болып, Алматыға қайта оралды. Содан кейінгі уақытта екеуіміздің жұбымыз жазылған емес. Аяқ-табағымыз араласып, аралас-құралас ғұмыр кештік. Аяқ-табағымыз ғана емес, тіпті жанымыз да араласып кетті. Күні бүгінге шейін. Кеше ғана басына барып, аман-есен жатқанын көзіммен көріп қайтқан едім...
Әзілхан қазақ мәдениетінің үлкен өкілі, үлкен қайраткері. Қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі болатын. Анау-мынаумен атын шығарып жүргендер де бар ғой. Әзілхан қандай биікті бағындырса да, қандай құрметке ие болса да, өзінің ақ адал еңбегімен жеткен жан. Әзекең «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабынан кейін үлкен құбылысқа ие болып кеткен жазушы болды. Одан кейін қазақтың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлына арнап жазған «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы жазушының абырой-беделін одан әрмен асқақтатты. Сол еңбегі үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Осының барлығы да Әзілханның 10 томдық жинағына енген. Оның ішінде өзінің Халимашына арналған романы да бар. Осының барлығы да – қазақ әдебиетіне жасалған ұлы олжалар. Сондықтан өзі дүниеден өткенімен, оның рухани мұрасы, қазақ халқына қалдырып кеткен өнегелі істері ешқашан ұмытылмақ емес. Осындай ұлы дарын бергендері үшін Әзілханның жерлестеріне көңіл айтамын.
Екеуіміз бірге талай рет Жармада да болғанбыз. Ауылында да болғанбыз. Жетпіс жылдығында Әзілханның ауылына барып, Семей, Өскеменнің бауырын аралап қайтқанбыз баяғыда. Жолдастық. Достық көңіліміз бір-бірімізге қалыспаған жандар едік. Амал жоқ, айырылып отырмыз. Жатқан жері жайлы болсын!
«Семей таңы» газеті №7 (18046) 16 ақпан, 2011 жыл, 11-беттен
Қазақ жұрты өзінің мақтан етер, тұлға тұтар тағы бір танымал ұлынан айырылды. Қазақ әдебиетінің ірі өкілінің бірі — Әзілхан Нұршайықов 89 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Алланың жазуына, табиғаттьң зандылығына баласақ та, Әз ағамыздың оралмас сапарға аттанып кеткендігіне сенгіміз келмейді. Өйткені, ол кісінің еліне келіп, жерлестерін Азиада спорт ойындары алдында жеңіске жігерлендіріп, марқайтып кеткені кеше ғана болатын.
— Мен эстафета кезінде Республика алаңындағы тайқазанға алаудың отын жақтым. Мен сол сәтте бүкіл шығысқазақстандық жастардың жүрегіне от жақтым, қарттардың жүрегіне жылу бердім деп ойладым. Мінеки, сол алаудың менің жерлестерімді жеңістерге жетелей беруіне шын жүректен тілектеспін, — деп игі ниет, ақжарма ақ тілегін білдірген еді. Абыз ағамыздың ол тілегін спортшы жерлестері, жалпы елі абыроймен орындап, Азиада ойындарының ең биік тұғырына көтерілді.
Жалпы, Әзілхан аға туған жерімен, туған елімен қарым-катынасьн ешқашан үзген емес. Жиі-жиі келіп, Шығыста жүзеге асырылып жатқан игі істерді қуана қолдап, ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Әз-ағаның қазасы орны толмастай өкініш болып, қабырғамызды қайыстырып отыр.
Ұлы Отан соғысы кезінде майдандық газеттерден бастау алған Әз-ағаның шығармашылық жолы өмірінің соңғы сәтіне дейін үзілген жоқ. 1956 жылы «Алыстағы ауданда» деген атпен шыкқан алғашқы очерк, әңгімелер жинағынан бері жиырмадан аса кітабы жарық көрді. Жазушыны махаббат падишасы атандырған «Ма¬хаббат жыры», «Махаббат, кызық мол жылдар», «Мәңгілік махаббат жыры» роман, повестері жас-тардың жастанып оқитын кітаптарына айналса, «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы бірқатар шетел тілдеріне аударылып басылып, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Семей қаласының «Құрметті азаматы», бүкіл қазақ елінің, жұртыньң қадір тұтқан азаматы, көркем сөздің хас шебері Әзілхан Нұршайықовтың балаларына, ұрпағына, туған-туысқандарына кайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Әз-ағаның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Бақұл болыңыз, қадірлі аға, жаныңыз жәннатта болғай!
18.02.2011 ж. Қазақ әдебиеті.
Қазақ жұрты өзінің мақтан етер, тұлға тұтар тағы бір танымал ұлынан айырылды. Қазақ әдебиетінің ірі өкілінің бірі — Әзілхан Нұршайықов 89 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Алланың жазуына, табиғаттьң зандылығына баласақ та, Әз ағамыздың оралмас сапарға аттанып кеткендігіне сенгіміз келмейді. Өйткені, ол кісінің еліне келіп, жерлестерін Азиада спорт ойындары алдында жеңіске жігерлендіріп, марқайтып кеткені кеше ғана болатын.
— Мен эстафета кезінде Республика алаңындағы тайқазанға алаудың отын жақтым. Мен сол сәтте бүкіл шығысқазақстандық жастардың жүрегіне от жақтым, қарттардың жүрегіне жылу бердім деп ойладым. Мінеки, сол алаудың менің жерлестерімді жеңістерге жетелей беруіне шын жүректен тілектеспін, — деп игі ниет, ақжарма ақ тілегін білдірген еді. Абыз ағамыздың ол тілегін спортшы жерлестері, жалпы елі абыроймен орындап, Азиада ойындарының ең биік тұғырына көтерілді.
Жалпы, Әзілхан аға туған жерімен, туған елімен қарым-катынасьн ешқашан үзген емес. Жиі-жиі келіп, Шығыста жүзеге асырылып жатқан игі істерді қуана қолдап, ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Әз-ағаның қазасы орны толмастай өкініш болып, қабырғамызды қайыстырып отыр.
Ұлы Отан соғысы кезінде майдандық газеттерден бастау алған Әз-ағаның шығармашылық жолы өмірінің соңғы сәтіне дейін үзілген жоқ. 1956 жылы «Алыстағы ауданда» деген атпен шыкқан алғашқы очерк, әңгімелер жинағынан бері жиырмадан аса кітабы жарық көрді. Жазушыны махаббат падишасы атандырған «Ма¬хаббат жыры», «Махаббат, кызық мол жылдар», «Мәңгілік махаббат жыры» роман, повестері жас-тардың жастанып оқитын кітаптарына айналса, «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы бірқатар шетел тілдеріне аударылып басылып, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Семей қаласының «Құрметті азаматы», бүкіл қазақ елінің, жұртыньң қадір тұтқан азаматы, көркем сөздің хас шебері Әзілхан Нұршайықовтың балаларына, ұрпағына, туған-туысқандарына кайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Әз-ағаның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Бақұл болыңыз, қадірлі аға, жаныңыз жәннатта болғай!
18.02.2011 ж. Қазақ әдебиеті.
Өмірден Әз-ағаң өтті... Қазақтың Әзілханы енді жоқ арамызда. Бұл жайсыз хабар бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған ауыр қаза болды. Ақпанның басы ұлтымыздың даңқын асырған асылдарымызды – ән еркесі – Розаны, Халық жазушысы Әзілхан атамызды келместің кемесіне мінгізіп, мәңгіліктің құшағына алып кетті. Кісілік қасиеті келбетінен көрініп тұратын Әзілхан аға, әсіресе, біз үшін – Семей жұрты үшін ерекше жан еді. Семейге келген соң бір жылында Семейдің даңқты тұлғасы Абай мен Шәкәрім даңғылдарының қиылысында орналасқан Халима апамыз оқыған сол кездегі №11 мектепке барып, алаңсыз шәкірт шақтарын еске алған-ды. Одан кейін жан-жарының студенттік кезін елестетуді ойлайды ма екен, М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжге арнайы соғып, Халиманың балғын бейнесімен қауышқандай күй кешіп еді. Кәрі жүрек соғу сағатының тоқтайтын мезгілінің таяу екенін сезген де болар бәлкім... Қазір ойлап отырсам, шынында да солай сияқты.
Абай туған топырақта дүниеге келіп, Абай шығармашылығынан нәр алған абзал ағаның туған жеріне деген құрметі мен ілтипаты да ерекше еді. Сонау соғыс жылдарында ұлы Мұхаңның «Абай жолы» романын туған жердің аманатындай көріп, өзіне оққағар санауын ұлы Абайға тағзым, жазушыға деген құрмет демей, не дерміз?
Өзінің журналистік қызметі жолындағы ұшқан ұясы, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Семей таңына» Семейге келген әр сапарында бас сұқпай кетпейтін Әз-ағаны енді қайтып келмейді дегенге сенгің де келмейді.
Өмір мен өлім белдескен майдан даласынан ерлік пен өрліктің рухы аңқып тұратын жырларын жолдап, Жеңісті жақындатуға солдаттық ар-намысына қоса, қарулы қаламымен үлес қосқан Әзілхан Нұршайықовтың біздің редакция ұжымы үшін орны асқақ. Ол кісі «Ассалаумағалейкум, қара шаңырақ!» деп кіріп келгенде, барлық журналистер қауымы бір сәтте алыстан әкеміз келгендей балалық бейнеге түсуші едік. Мәз болысып, асыл ағаны ортамызға алып, құлаққа жағымды қоңыр даусына құлақ түретінбіз. Ол кісі алыста жүрсе де біздің газеттен көз жазбай оқып отыратын. Басылым жайлы ой-пікірлерін айтып, ақыл-кеңесін беретін. «Екпіндіде» қызмет істеген жылдарын есіне алып, замандастарын аса бір сағынышпен, қимастықпен еске алатын. Бастарынан өткізген қызықты жайттарды да еске түсіріп, ұлағатты өмір жолдарынан да сыр шертетін. Біз де өз тарапымыздан заман ағысы, жастар тәрбиесі, ұлтжандылық жайлы ойларымызбен бөлісіп, Әз-ағаңның пайымдарын құлшына тыңдайтынбыз. Осылардың бәрін ендігі уақытта өткен шақпен айту біз үшін ауыр. Бірақ, шындықтан аттап өте алмайтынымыз және бар. Енді біз Әз-ағаны батыр Бауыржанның кесектұлғасын сомдаған « Ақиқат пен аңыз», пәк махаббат аршысы болған «Махаббат, қызық мол жылдардағы» Ербол мен Меңтайдың мәңгілік махаббат дастанына айналған Халима бейнелері арқылы еске алатын боламыз. Адамгершілік тақырыбының хас шебері, қарымды қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың жарқын бейнесі семейліктер үшін, «Семей таңы» үшін тек жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, өзге де марапаттың иесі емес, елін, туған жерін қалтқысыз сүйген абзал азамат ретінде есте мәңгі сақталады. Соның бір нақты көрінісі күні кеше ғана шығыс Қазақстан өңірі бойынша Азиада алауын алып жүрушілердің сапынан табылғаны. Бұл қимас қаламгердің туған жерге жасаған соңғы тағзымы екен-ау.
Қош, Әз-аға, мәңгілік мекенің жұмақтың төрі болсын.
«Семей таңы» газеті №7 (18046) 16 ақпан, 2011 жыл, 11-беттен
Әзілхан ағаның қазасы қабырғамызды сөгіп кеткендей болды.
Жаны жайсаң, жүрегі таза, адамдарға жақсылық ойлап тұратын кісі еді. Ұлық басымен талай рет бізді іздеп келгенін қалай ұмытарсың. Менің 75 жылдық мерейтойыма келді.Оған да жеті-сегіз жыл өтіпті. Былтыр атақты «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабының шыққанына қырық жыл толуына орай Кентауға тағы айналып соғып, оқырмандарымен жүздесті.
Осы соғыстан келгенде біз екінші курстың студенттері едік. Ауылдан келген шөпжелке, ұяң қызбыз. Біразымыздың ағаларымыз солдатта болды, көбі оралмады. Әзекең бізден бес жастай үлкен болғандықтан, туған ағамыздай қабылдадық. Қатты жақсы көрдік. Араға жиырма бес жыл салып, біздің отбасыға келді. Кішіпейілділігі ғой, жаңа шығарма жазып жатқандығын, оған отағасым Төлеубектің рұқсатын сұрады. Төлеубек мықты азамат еді. Берді, әрине.
Ол кітап «Махаббат, қызық мол жылдар» болатын. Көркем шығарма өмірден көшірілмейді. Бір кісінің толыққанды портретін жасау үшін түр-түрі жинақталады. Ербол мен Меңтай мыңдаған қазақ жастарының темірқазығы болғанын көзіміз көрді. Ұяңдығым болар, Меңтайдың маған негізделіп жазылғандығын Әзекең айтпағанда, өзім ешкімге жақ аша қойған жоқ едім. Балаларым таң қалды. Сөйткен азамат еді ғой Әзекең. Алматыдағы үйімен хат жазысып тұрдық. Тілеуі жақсы, көкірегі алтын сандық адам болатын. Қасымдағы Ләйлә қызым да қазасын естіп, қатты қиналды. Ағайын-туған, бала-шағасына көңіл айтқаннан басқа дәрмен жоқ қолдан келетін. Қош бол, әзіз аға, Алаштың ардағы Әзаға. Топырағыңыз торқа болсын.
«Егемен Қазақстан», 15.02.2011 жыл, 8-беттен
Ақ қағаз, саған, не жазам! Халқым, өзіңе не деймін?! Боздаған көңілді қайтіп жұбатам! Қаламсабым қанжардай тілгілейді жүрегімді...
Әзағаң өтті дүниеден! 89 жасқа қараған шағында әзіз өмір үзілді. Соғыста отқа күймеген, 6 рет жүрек талмасынан аман қалған болаттай берік ғұмыр тыншыды. Ал рухы оқырмандарының мәңгілік әлдиіне бөленді. Әзағаңнан қандай мұра қалды десейші. Отансүйгіштік қасиет, ұлтын асқақтатқан өр мінез, ел болашағын ұлықтаған парасатты сөз қалды. Ақтарылып берген ақ батасы жас ұрпақтың шамшырағына айналды.
Өмірден өзіңіз баз кешкенмен, дүниені махаббат бесігіне бөлеп кеттіңіз, Әзаға! Отанды сүю, әдебиетті әспеттеу, Халима апамызға шексіз ғашықтық, жалпы адамзат баласын ардақтау, жас жүрекке іңкәрлік сезімін тұтату – бәрі-бәрі ұлы махаббаттың мәңгілік ұраны десек, Сіз, ұлық та, кішік те бола білдіңіз. Сол себепті Сізді халқыңыз «махаббаттың маршалына» теңеді.
Махаббат та жетімсірейді екен! Сізді егіліп жоқтайды. Аймалап сүйеді, «Әзағам!» деп шыбын жаны шырқырап, қаза күйігіне күйеді! Жүрегіне жалынымен түйеді! Бір тұшынарлығы, ақ көбелектің қанатына ілескен Сіздің уылжыған махаббатыңыздың мархабаты дүние тұрғанша салтанат құрады! Сол – көңілге медет! Соншама жыл өзіңізбен хат жазысып, оны тұтас кітап күйінде шығарғаныма шүкіршілік деймін.
Өткен жылы, дәл 88 жасқа толған күні, Елбасы қолынан «Отан» орденін алған Әзағаңды, ертесіне әуежайдан аттандырып салып едім. Астанамен соңғы рет қоштасыпты-ау! 36 жыл хат жазысқан асыл бейненің ыстық құшағына ақырға рет енгенімді сезіппін бе, сол сәт!
Әзағам-ау! Естимісіз! «Қош!»деуге аузым бармайды. Жан-Аға! Жоқтан сақтасын – Бар-Аға!
«Егемен Қазақстан», 15.02.2011 жыл, 8-беттен
Қазақ әдебиетінің тағы бір айтулы өкілі, асқар таудай асыл ағамыз Әзілхан Нұршайықов та өмірден озды. Бірақ ол кісінің артында қазақ барда бірге жасайтын том-том рухани мұралары қалды. Солардың бірі «Махаббат қызық мол жылдар»атты романы болатын. Бұл туындыны оқып өспеген ұрпақ қазақ топырағында кемде-кем шығар. Ербол мен Меңтай бейнесі сол кітапты парақтағандардың көкейінде жыл құсындай сақталып қалғаны да рас. Бұдан кейінгі тағы бір елеулі дүниесі қазақтығ хас батыры Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Ақиқат пен аңыз» еді. Осы роман арқылы біз Бауыржан батырдың бүкіл болмысын, майдандағы ерлігін, бейбіт күндегі адалдығын, азаматтығын, оның пайым-парасатының ерекше болғандығын, ой өлшемінің көп жұрттан көш ілгері тұрғанын танып, білдік.
Сөйтіп, батыр тұлғасы көркем прозадан ойып тұрып орын алды.
Қашан да жақсы шығарма автордың ғана емес, оқырманның да қазынасы ғой. Бір кездері кітап шығару қиындап кеткен тұста, айтулы қаламгер оқырмандарынан алыстап қалмасын деп 10 томдық шығармалар жинағының жарық көруіне демеушілік жасағаным бар. Жақсылыққа жақсылық деп ардақты ағамыз сол ілтипатымды әркез аузынана тастымай айтып, басылымдарда ризалығын білдірген болатын. Енді, міне, сондай алдыңғы толқын қаламгерден көз жазып қалып отырмыз. Бірақ, бір тәубе дерлігі, Әзілхан ағаның артында қыруар шығармалары қалды. Бұл жазушының екінші өмірін жалғастыратын өзек деп білемін. Соны мият тұта отырып, бақұл бол, Әзаға демекпін!
«Егемен Қазақстан», 15.02.2011 жыл, 8-беттен
Әзілхан аға екеуіміз бір ауылданбыз. Туған ағамдай ақылшы, қамқоршым болған кісі. Бала кезімдегі алғашқы сүйіп оқыған жазушыларымның бірі – осы Әзілхан ағамыз. Жалпы, ол кісінің шығармасын оқымаған қазақ баласы жоқ шығар бала кезінде. Әз-ағаң – үлкен жазушы ғана емес, халқымыздың мақтанышына айналған зор тұлға.
Маған Әз-ағаңның мәдениетілігі, әдептілігі, адамгершілігі ұнайды. Ол кісімен бірге жүрген кездерде ағамыздың бойынан жоғары мәдениет пен үлкен әдептілікті көретінмін. Әрине, мәңгілік жасайтын адам жоқ. Бірақ аяулы ағамыздың өмірден кетіп қалғаны жанымызға батады. Жүрегіміз ауырады. Сүйеніш етеріміз, ағамыз соңына аса зор рухани мұра қалдырды. Ол кісінің оқырмандары да мәңгілік деп ойлаймын. Өйткені Әз-ағаңның жазған кітаптары мәңгілік. Сондықтан да оқырмандары да мәңгілік болуға тиіс.
Әз ағаңмен ел жаққа үнемі бірге барып, ондағы жұрттың қуанышымен бөлісуге асығушы едік. Амал қанша халқы қадірлеген асыл ағамыз да өмірден өтті. Топырағы торқа болсын дейміз.
«Семей таңы» газеті №7 (18046) 16 ақпан, 2011 жыл, 11-беттен
Әзілхан Нұршайықов ағаның қайтыс болғанын естігенде төбеден жай түскендей әсер етті. Денсаулғының сыр беріп жүргенін білсек те, дәл осылай аяқ астынан көз жұмады деп ойламап едім. Жақында ғана Өскеменде Азиаданың алауын ұстап, сергек кетіп бара жатыр еді. Әдебиет ортасы «Әз-аға» деп аса құрмет тұтатын. Өзім де сан кездесіп, емін-еркін әңгімелескенмін. Ақиқатка жүгінетін, әділдікті ұстанатын ағаның, жылы жүзі, қарапайымдылығы, басқаның тілегіне, өтінішіне сергек қарайтыны көңілімде қалды. Жазғандарын сүйсініп, құмартып оқып, мол рухани нәр алатын еңбекторы да шебер жазушыны қимаймыз.
Бақұл бол, Әз-аға, иманың жолдас, жаның жәннатта болсын!
Әзілхан Нұршайықов - үлкен ақсақалдарымыздың бірі еді. Ол кісінің өмірі Кеңес Одағы тарихы іспеттес. Кеңестер Одағы қандай кезеңдерден өткен болса, ол кісі де соның бәрін басынан өткерді. Соғысқа қатысты, одан аман келіп, қазақ журналистикасын көтеруге атсалысты. Сөйтіп жүріп проза жанрын меңгеріп, алғашқы романын жазды. Мен ол кісінің «Ақиқат пен аңыз» романын баспадан шығаруға атсалысқан едім. Кітаптың тікелей редакторы болмағаныммен, сол бөлімнің меңгерушісі болатынмын. Кітап қалай жазылды, өндіріске қалай жіберілді, қай жерлеріне қандай қосымшалар қосылды – соның барлығы әлі де көз алдымда. Біз үшін, кейінгі ұрпақ үшін бұл үлкен қаза. Артында мұрасы, жақсы сөздері мен үлгілі істеріқкалды. Соны ғана көңілге медеу тұтамыз.
Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы сыйлықтың, А.Фадеев атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың иегері, соғыс ардагері, бәріміз үшін ортақ – Әзілхан Нұршайықовтың қазасына кайғырып, көңіл айтамыз. Жазушылардың кең өлшемді ортасында ол дарынды прозашы ретінде аса танымал еді. Оның әйгілі «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Халима» атты және тағы басқа кітаптары шындығында оқырмандардың ең сүйікті шығармаларына айналды. Ол Қазақстанның әдебиетіне үлкен үлес қосты. Оның жарқын бейнесі біздің есімізде мәңгі сақталады.
Арамыздан бақиға аттанған Әзілхан Нұршайықовтың туыс-туғандарына, жақындарына және достарына қабырғамыз қайысып, көңіл айтамыз.
ТМД елдері қауымдастығының жазушылары:
Егор Исаев, Валентин Распутин, Феликс Кузнецов, Мумин Каноат, Евгений Евтушенко, Олжас Сүлейменов, Юрий Поляков, Чингиз Абдуллаев, Александр Эбоноидзе, Людмила Щипахина, Валентин Сорокин, Татьяна Кузовлева Маквала Гонашвили, Константин Мунтяну, Анатолий Парпара, Андрей Воронцов, Тимур Зульфикаров, Глан Онанян.
Әз-ағам-ай, сен де кеттің бе? Естіген құлағым сенбейді. Енді мені «Өтеш» деп кім құшағына алады. «Өзіңді кергенде көкемді көргендей еркін еркелеп, еркін сөйлеп кетуші ем. Айналайын, Әз-ағам, адамзатқа жақын тұрған адам ең. Жазушылығың өз алдына бір мектеп еді. Қазағымның арыстары-ай, қайда асығып барасыңдар?! Кеше ғана ұлы әнші апамыз Роза Бағланованы өзінің ғажайып әндерімен о дүниеге қимай-қимай шығарып салып едік. Енді тоқсан деген таудың табалдырығына иек артып тұрғанда аяулы ағамыз Әзілхан Нұршайықовтан айырылып қалдық.
Университет бітірген кезім. Көктемнің бір керемет күндерінде «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Әзілхан Нұршайыковтың кабинетіне кіріп бармаймын ба. «Аға, мені қызметке алыңыз, сіздің қарамағыңызда істегім келеді» деймін ғой. Жылы жүзді жақсы аға жымиды да, «өтінішіңді жаза ғой» деді. Содан соң, «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби қызметкері боп, жаңа өмірді бастап кеттім. Сөйтіп, алғашқы адымым Әз-ағаның алдынан басталып еді. Мен оны қалай ұмытайын. Әз-ағаң ақ нәрсеге ғашық адам еді. «Аппақ ақ қызға үйлен» деуші еді маған, Бөлек есімді Жетісудың ақ қызына үйлендім.
Әз-ағаң небір тұйыққа тірелгенінде тасадан жол тауып беруші еді. Үлкен даңқты халық жазушысы бола тұрьп, қарапайымдылықтың генералы еді. Кездескенде ол кісіге бір сырыңды айтқың келіп тұратын. Жан аға деп жақындап, құшағына еніп кеткің келетін. Еміренте білуші еді, еркелете білуші еді. Жаны жазушы, жарқын жүректі азамат еді. Құлаққа жағымды әдемі, мейірімді үнін енді естімеймін. Әз-аға, Сізбен қоштасқым келмейді. Мәңгі жүрегімдесіз.
Біреуге аңыз,
Біреулерге ән едің,
Ақырын жүріп,
Анық басқан жан едің.
Аптап болып,
Аппақ болып жүгірдің,
Азияның жалауын ап әне күн.
Абыз аға!
Жүретұғын биік боп,
Қазақ үшін есімің де сүйікті ед.
Сол қазақтың солқылдатып жүрегін,
Өртендіріп кеттің бүгін күйік боп.
Жарма жағы,
Жатыр қазір еңіреп.
(Әз-ағаңды қимайды ғой төңірек).
Балалығың қалған ана Ақбұзау,
Жетім қалып, озаңдайды мөңіреп.
Абыз аға, нағыз аға, Әзекең,
(Өмір деген қасіретті саз екен).
Тоқсан тұрмақ,, бір ғасырды берсе де,
Қалай-дағы, қаламгерге аз екен.