Skip to main content

Таңдамалы шығармаларының он томдығы


Аннотация

1 том: Роман, әдеби портреттер, естеліктер
Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік, А.А. Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың таңдамалы шығармаларының он томдығының алғашқы кітабына көрнекті қаламгердің «Махаббат, қызық мол жылдар» романы кірді. Даңқты дүние оқырман қауымның күні бүгінге дейін қолдан-қолға тигізбей оқып, ғибрат тұтып келе жатқан туындылардың бірі. Роман кейіпкерлері – өмірдің қиын жолдарынан өтіп, күрделі драмалық жайларды бастарынан кешкен адал жандар. Сондай-ақ автордың Б. Полевой, М. Иманжанов, Ә, Тәжібаев, Т, Ахтанов секілді әдебиетте өзіндік орны бар қаламгерлердің әдеби портреттерін жасаған үлкенді-кішілі естелік-әңгімелері мен жазушылық зертхана, шығармашылық әдіс, машық жайын егжей-тегжейлі сөз ететін автопортреттік әңгімелері де өте тартымды.

2 том: Роман, майдан жазбалары
Жазушының бұл томына кірген «Ақиқат пен аңыз» романының оқиғасы сонау Ұлы Отан соғысы жылдары оқиғаларын қамтиды. Кітаптың бас кейіпкері – Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған қаһарман, жазушы Бауыржан Момышұлы. Ал «майдан жазбаларында» қаламгер Ұлы Отан соғысы кезіндегі достары – Кеңес Одағының Батырлары: Мәншүк Мәметова, Ыбырайым Сүлейменов, т.б. жайында сыр шертеді.

3 том: Роман, хикая, эсселер
Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «махаббат жыры» хикаяты 1964 жылы жеке кітап болып жарық көрді. Екі жылдан соң лирикалық шағын повестер деген атаумен: «Ботагөз», «Әсем», «Ескі дәптер» ұшеуі бір кітапта жарияланды. 1970 жылы «Махаббат, қызық мол жылдар» романы шығып, авторды атақ-абырой, даңқа бөледі. Осы дүниелердің бәрінің ортақ кейіпкері Ербол Есенов. Романның бірішні бөлімінде Ербол өзгелер туралы, өзінің замандастары туралы сыр шертеді. Ал екінші бөліміндегі романда өз өмірін ортаға салады. Халқымыздың аяулы ұлдары – Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың ұмытылмас өмірі, азаматтық, адамгершілік қасиеттері туралы әр қилы кезеңдерде, әр түрлі себептермен тікелей дәм-тұздас болған қаламдас шәкірттің айрықша ізетпен, сүйіспеншілікпен толғаған жазбаларының да бүгінгі ұрпаққа сыйлар, кейнгі күндерге жеткізер қуанышы, тәлім-тәрбиесі мол.

4 том: Очерктер
Әзілхан Нұршайықов өзінің шығармашылық жолын журналист ретінде бастаған болатын. Оның «Алыстағы ауданда» (1956 ж.), «Тың астығы» (1958 ж), «Ертіс жағасында» (1959 ж.), «Жомарт өлке» (1960 ж.) және басқа да очерктер жинағы оқырман қауымға кеңінен танымал кітаптар болды. Жазушы очерктерінің дені тың және тыңайған жерлерді игеру тақырыбына арналды. Бұл туындыларында автор тың игерушілердің, партия, кеңес, шаруашылық қызметкерлерінің өмірін арқау етті, достықты, адалдықты, адамгершілікті жырлады. Ал «Ауыл адамдары» атты очерктер топтамасында екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ж. Қуанышбаевтың, Ы. Жақаевтың айналасындағыларға үлгі-өнегесі, жастарға берер тәлімі, тапсырылған іске деген жауапкершілігі жан-жақты ашып көрсетілген.  

5 том
«Тоғыз толғау» повесть-монологы тұтасымен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің адамгершілік, азаматтық қасиеттерін, оның сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлік істерін паш етуге арналған. «Батырдың өмірі» шағын повестер мен әңгімелер жинағында да, «Жамбылға хат» әскери естеліктерінде де, «Ер есімі» естелік-эссесінде де жастарды адалдыққа, намысқойлыққа, сабырлылыққа баулу мәселесі шығармалардың негізгі нысаны деуге лайық.

6 том
Бұл романда 1950-жылдардағы жас қаламгердің ұстазы болған ұмытылмас Мұқан Иманжановтың қысқа өмірі суреттеледі. Сол кездегі әдеби, мәдени, қоғамдық орта көрсетіледі. Мұқан Иманжановтың ұстаздық мектебінен өткен ол тұстағы жас қанат қаламгерлер кейін көрнекті жазушы, ақын, ғалым болып қалыптасты. Олар Қазақстанның қазіргі халық жазушылары: Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұзафар Әлімбай, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Жүнісов, Әзілхан Нұршайықов, академик-жазушылар: Зейнолда Қабдолов, Серік Қирабаев және басқалар. Кітап осылардың алғашқы шығармашылық қалыптасу кезінен мағлұматтар береді.

7 том
Ұзақ жылдар бойы облыстық, республикалық баспасөзде қызмет атқара жүріп, өзінің журналистік қаламын ұштаған, қабілетін жетілдіру жолында тынбай ізденген, сөйтіп кемел қаламгер болып шыққан Әзілхан Нұршайықов «Мен журналистпін» атты еңбегінде өзінің өсу белестерін, шығармашылық шеберлігін көрсетерлік туындыларды ұсына отырып, журналистік жолды табысқа жету сырын ашуды мақсат еткен. Автордың «Алыстағы ауданда», «Жомарт өлке», «Ертіс жағасында» атты жинақтарынан топтастырылған материалдар күні бүгінге дейін қазақ журналистикасындағы очерк жанрының озық үлгілері қатарынан саналады.

8 том
Ескірмес естеліктерді өмірбаяндық романға айналдыра білген қаламы жүйрік қаламгердің: «Қиянат деген – қызыл өрт! Сол өрттен өлмей аман шыққаныма қуанамын...» - деп тегіннен-тегін айтпағанына оқырман осы кітапты оқу барысында көз жекткізбек.

9 том
«Мен және менің замандастарым» атты өмірбаяндық романның екінші кітабында автор шығармашылық еңбекке толы өмір жолында жолығысқан, тағдырлары бір арнада тоғысқан ақын-жазушылар, өнер адамдардары, басшы-қосшылар, қарапайым еңбеккерлермен күнделікті қарым-қатынасындағы өнегелі жайттарды шынайы күйінде бүкпесіз баяндаған.

10 том
«Мен және менің замандастарым» (Екінші кітап) атты өмірбаяндық романның жалғасы болып табылатын бұл томда автор өзінің «Ақиқат пен аңыз» атты атақты шығармасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылу кезіндегі қиыншылықтар мен әртүрлі айла-шарғылар, лауреаттықты алғаннан кейінгі қуанышы төңірегінде кеңінен ой өрбітеді.

Қайдан сатып алуға болады?


Жазушы туралы

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылдың 15 желтоқсанында бұрынғы Семей облысы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. Әзілхан 14 жасында поэзияға құштарлығын аңғарады. Оның алғаш өлеңдері мен мақалалары аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде жарияланып тұрған.
© 2024 Әзілхан Нұршайықовты Еске Алу. Ресми сайты
Сайт құру: arctika.kz