Skip to main content

Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 90 жыл


| Жаңалықтар

2013 жылы қарашаның 18-інде М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Халық жазушысы  Әзілхан Нұршайықовтың 90 жылдығына орай еске алу кеші өтеді.

2012 жылы 15 желтоқсанда Ұлы Отан соғысының ардагері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, А.А. Фадеев атындағы Бүкілодақтық сыйлықтың лауреаты Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 90 жыл толды. Көрнекті жазушы осы мерейтойына бір жарым жыл қалғанда 2011 жылы 12 ақпанда  дүниеден өтті. Әзілхан Нұршайықовтың өмір жолының 4 түрлі қырын  анықтап айтуға болады. Артиллерист. Студент. Журналист. Жазушы.

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсанда Семей облысының Жарма ауданында дүниеге келді. Әкесі Амангельдин Нұршайық 1943 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Шешесі Амангельдина Мұхтар соғыстан кейін қайтыс болған. Ә. Нұршайықов 14 жасында Семей қаласына педагогикалық техникумға оқуға кетеді.

Артиллерист. Әзілхан Нұршайықов техникумды бітірген соң соғысқа аттанады. Соғыста 100-ші қазақ атқыштар бригадасында зеңбірекшілер командирі болып әскери міндетін өтейді. Калинин, 2-ші Балтық, 1-ші және 2-ші Белорусь майдандарына қатысып, соғысты аға сержант болып аяқтады. Соғыс жылдарында жауынгерлердің рухын көтерген ақын Жамбылмен хат жазысып тұрды. Бұл кейіннен майдангер жазушының «Жамбылға хат» шығармасында баяндалды.

Студент. Соғыстан кейін Әзілхан Нұршайықов С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Оның ұстаздарының бірі белгілі қазақ жазушысы М.О. Әуезов болды. Ә. Нұршайықов майданнан, окоптың өзінен алып келген «Абай жолы» кітабын авторға сыйлық ретінде ұсынады. Ұлы жазушы М. Әуезов парақтары жырым-жырым болып күйіп қалған  кітабын қолына алып, үлкен толқыныспен: «кітаптан оқтың иісі шығып тұр» - деген екен.

Журналист. Университетті аяқтаған соң Ә. Нұршайықов «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері болып жұмыс істейді.  1953 жылдан бастап  Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газетінің бас редакторы, 1956 жылдан 1961 жылға дейін осы газеттің меншікті тілшісі, 1961-1963 жылға дейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторының орынбасары, 1963-1965 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарады. 1968-1978 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясында және М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жұмыс істеп жүрген жылдары жазушы қаламынан түрлі тақырыпта 500-ге тарта публицистикалық мақалалар дүниеге келді.

Жазушы. Ә. Нұршайықов очерк, әңгіме, повесть жинақтарының және романдардың авторы. «Махаббат, қызық мол жылдар» романы қазақ, орыс, украин, чех тілінде, «Ақиқат пен аңыз» қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Сондай-ақ «Мен және менің замандастарым», «Мәңгілік махаббат жыры», «Өмір өрнектері» (3 томдық) және т.б. еңбектері белгілі. Көзінің тірісінде 40-тан аса кітабын басып шығарды.

Ә. Нұршайықов Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының  мүшесі, 2-дәрежелі Отан соғысы, "Құрмет белгісі", "Халықтар достығы", 3-дәрежелі "Даңқ", «Халықтар достығы», «Парасат», «Отан» ордендері мен "Ерен еңбегі үшін", «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Батырлығы үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарының иегері.

Отбасы. Ә. Нұршайықовтың жұбайы – Өзбақанова Халима Қалиақбарқызы (1922-2001), оқытушы және жазушының әдеби серігі болған. Өмірлік серігіне арнап жазушы «Мәңгілік махаббат жыры: Халима» кітабын жазды. Қыздары: Нұршайықова Жанар Әзілханқызы – филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кафедра меңгерушісі; Нұршайықова Жаннат Әзілханқызы – мұнай компаниясының бас директорының орынбасары; ұлдары: Арнұр Әзілханұлы – «Центркредит» банкінің бас энергетигі; Жаннұр Әзілханұлы – өндірістік фирма директоры. Әзілхан Нұршайықовтың бес немересі: Сабина, Дина, Алма, Сакен, Әлия, алты шөбересі: Халима, Ясмина, Әліхан, Дана, Қасым, Ораз аталарының ұлағат- өсиетімен өсіп келеді.

Жазушы туралы

Әзілхан Нұршайықов 1922 жылдың 15 желтоқсанында бұрынғы Семей облысы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі деген жерде дүниеге келген. Әзілхан 14 жасында поэзияға құштарлығын аңғарады. Оның алғаш өлеңдері мен мақалалары аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде жарияланып тұрған.
© 2024 Әзілхан Нұршайықовты Еске Алу. Ресми сайты
Сайт құру: arctika.kz