2016 жылы қарашаның 18-і сағат 15-00-де Алматыдағы ҚР Ұлттық кiтапханасында А. А. Фадеев атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Әзілхан Нұршайықовтың мемориалды кабинеті ашылды.
Кабинеттiң ашылу салтанатына Ә. Нұршайықовтың балалары, Қазақстанның құрметті жазушылары, Алматының әдеби-мәдени зиялылары және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері қатысты. Олардың арасында - «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, ақын Мыңбай Рәш, еңбек ардагері Нұрмұхамбет Әжіметұлы. Жазушының қызы Жанар Әзілханқызы Ә.Нұршайықовтың соңында қалдырған жазба мұрасы халқымен бірге өмір сүре беретінінің жарқын көрінісі – мемориалдық кабинетінің ашылуынан байқауға болатынын айтты. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов туралы «Жүрекжарды» фильмінің көрсетілімі болып, жазушыны еске алуға арналған дөңгелек үстел жиынын «Әзілхан Нұршайықов» медалінің иегері, жазушы-журналист Қайсар Әлім жүргізіп, ақын-жазушылар мен ғалымдар Уақап Қыдырханұлы, Сарбас Ақтаев, Ғазизбек Тәшімбай және өзге де азаматтар сөйлеп, жазушы туралы ойларымен бөлісті.
2011 жылы өмірден өткен Қазақстан оқырмандарының сүйікті жазушының мемориалды кабинеті Ә. Нұршайықовтың Алматы қаласындағы Құрманғазы көшесі бойында орналасқан пәтердегі 1985-2011 жылдары жұмыс істеген кабинетінің көшірмесі ретінде құрастырылған. Онда «Ақикат пен аңыз», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Мәңгілік махаббат жыры» және тағы басқа көптеген шығармаларының әр жылдардағы басылымдар, жұмыс істеген орны мен жазу құралдары, өзіне тартылған сыйлықтар, сондай-ақ қаламгер өмірін баяндайтын фотосуреттердің жиынтығы мен басқа да құнды мұрағаттық заттар жиналған.
Мекен-жайы: Алматы қ-сы, Абай д-лы 14, 2 қабат