Халық жазушысы Ә. Нұршайықов 100 жаста! 10 жылға жалғасқан шығармашылық байқау
«Дүние-мүлік мұра емес, балаға әкенің өмірде алған жақсы атағы мен істеген үлгілі ісі мұра» деп жазады Әз аға. Әз ағаның артында қалған өз ұрпағы: екі ұлы және екі қызы әкенің өшпес рұхани мұрасын дәріптеп, ардагер қаламгердің өмірі мен шығармасын кейінгі жастарға үлгі етіп, түрлі шаралар ұйымдастырып келеді.
Осындай ұрпақ тәрбиесінде үлкен орны бар 10 жылға жалғасқан шығармашылық байқау туралы бірер сөз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көп жылдан бері еңбек ететін филология ғылымдарының докторы профессор Жанар Әзілханқызы Нұршайықова алғаш 2012 жылы Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 90 жылдық мерейтойына байланысты студент жастар мен жоғары сынып оқушылары арасында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған поэзиялық және прозалық туындыға байқау жариялады. Сол жылы байқауға 85 өтініш келіп түсті. Байқау қорытындысы бұл бастама жас оқырмандар арасында үлкен қызығушылық туғызғанын көрсетті. Осыған орай, келесі 2013 жылдан бастап жазушы отбасы «Жастар арасында жыл сайын берілетін Ә. Нұршайықов атындағы стипендия» тағайындады.